ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Сан сынақтан, әлденеше өткелектен өткен Варвара апаймен кездесу

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Соғыс жылдарында зұлым жаудың бейбіт тұрғындарға концлагерьлерде көрсеткен қорлығына төбе шашың тік тұрады. Айталық, аты шулы Бухенвальд лагерінде 239 мың адам қамауда болса, солардың 56 мыңы азапталып өлтірілген. Ал, Польшаның Краков қаласының маңында орналасқан Освенцимде 4 миллион адам құрбандыққа шалынды. Олардың ішінде талай қазақстандықтың өлім құшқаны айдан анық.

Равенсбрюк концлагері әйелдерге арналған түрме ретінде белгілі еді. Мұнда 1939-1945 жылдар аралығында Еуропаның 23 мемлекетінен 132 мың әйел азап шекті. Олардың 93 мыңы бұл қорлыққа шыдамай, сонда қаза болды. Немістердің Дахау, Майданек, Маутхаузен сияқты концлагерьлерінде де он мыңдаған адамдардың көзі жойылды. Аштықтан, бір жұтым суға зар болғандықтан адамдар баудай түсіп, қырылып жатты. Бұл концлагерьлерде адам айтқысыз азаптарға шыдамаған тұтқындар бас көтерген кездер де болды. Бірақ, олар аяусыз жазаланды.

Ал, Собибор концлагері еврей ұлтын құрту үшін Польша жерінде 1942 жылы салынды. Бір жарым жыл ішінде онда 250 мың еврей өлтірілді. БҰҰ-ның ұйғаруымен жылда 11 сәуір нацистік концлагерьлерден тұтқындарды азат ету күні ретінде аталып өтіледі.

Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс фашистерінің концлагерінде азапты күн кешкен, жалындаған жастық шағының енді қайтып оралмайтын кезеңдерін белшесінен бейнет кешіп өткергендердің арасында отандастарымыз да баршылық. Солардың бірі көне көзі, көкшетаулық еңбек ардагері Варвара Власьевна Мардвинова еді. Осыдан бірер жыл бұрын қариямен кездесіп, кейіпкеріміз бізге біраз шерін тарқатқан болатын.

Осыған орай мен де "ҚазАқпарат" халықаралық ақпараттық агенттігінің 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында «Менің атамның тарихы - менің Отанымның тарихы» деген тақырыппен ашылған жаңа айдарға сол кездесу жөнінде жазуды жөн санадым.

Сол кезде, кариямен жолығудың сәті тек екінші күні ғана түсті. Алғашқы күні телефон арқылы хабарластық. Түстен кейін кездесуге уәделескенбіз. Түс ауа телефон шалсақ, жауап жоқ. Қас қарайғанға дейін Варвара Власьевнаның телефонын терумен болдық. Әлден уақытта телефон трубкасын қызы көтерді. Кейуана ауырып қалыпты. Арада сан жылдар өткенімен жадында мәңгі өшпестей болып таңбаланған зұлмат жылдардың жаңғырығы бәлкім жүйкеге тиген. Әлде кәмелетке толмаған шағында неміс фашистерінің азап лагерінде өткізген қорлыққа толы күндерін әлдекім есіне салған сайын ескі жараның ауызы тырналып, шемен болып қатқан ет жүрек тағы бір толқи ма екен.

Сәл еңкіш тартқан, сүйекті, қапсағай денелі кейуана терең әжім іздері торлаған шаршаңқы жүзін икемі аздау алақанымен жиі-жиі сипап қояды. Жарлауыт қалың қабақтарының астынан тесіле қарайтын көздерінен жойдасыз жігер оты маздайтындай.

Соңғы кезде аяғы сырқырап, белі сыздап ауырып жүр. Он сегізге де толмаған, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген кезінде партизан отрядының байланысшысы болып жүріп, жазатайым қолға түсіп, ішкі Германияға жөнелтіліп, неміс фашистерінің концлагерінде суға пісірген нәрсіз ботқа мен қайнамаған қара суды талғажау қылып, адам айтқысыз азап шегіп, қияпат бейнет кешіп, күні-түні қара жұмыс істегенде бүгілмеген бел еді. Кейін соғыс аяқталған соң арада көп жылдар өткенде, Қызылту ауданының «Чехов» совхозы жаңа ұйымдастырылып жатқан шақта, жапандағы жалғыз вагонды қоныс, үсіген картоп пен қырыққабатты ас қылып, 25 мың гектар жерге дән сеуіп жүргенде иілмеген бел еді. Енді сыздайтын болыпты. Бәлкім, кәрілік.

Варвара Власьевна зұлмат соғыс жылдарындағы азапты күндерін мүлде еске алғысы келмейді. Оңашада тұмшалаған қалың ой, өткен күндердің бұлыңғыр елесі буған шақта санаға құрсау салған мың батпан салмақтан сәл болса да серпілу үшін далаға шығып кететіні бар. Бірақ, қайда барса да екіндідегі көлеңке сияқты көңілсіз көрініс көкірегін тырнап, соңынан қалмады-ау.

- Жақсы адамдардың қай жерде болмасын бар екеніне кәміл сенемін, - дейді Варвара Власьевна.

-Тіпті азап лагерінде де. Сонда бір неміс әйелі болды. Аты-жөні қазір есімде жоқ. Маған көп көмектесті. Бәлкім татар дәмімнің таусылмағаны сол кісінің арқасында шығар. Концлагердегі адам айтқысыз ауыр еңбек, азапты тұрмыс таусылып бітпестей көрінетін. Әр күніміз жылға, көз жасымызды көл қылып өткеретін түніміз ғасырға татитын еді. Жер жүзін тұмшалаған зілмауыр қара бұлттың етегі түріліп, таң атпастай көрінетін. Бірақ, үмітімізді үзген жоқпыз. Осы күні ел аман, жұрт тынышта өз-өзіне қол көтеретіндер көбейіп кетті деп естимін. Бәлкім осалдық, бәлкім жүйке ауруы, әйтпесе, адам баласы жарық дүниені қия алар ма еді. Біздің көргеніміз, арқалаған азабымыз адам баласы төзетін жағдай емес еді ғой.

Варвара апай біздің концлагерь туралы ежіктеп көп сұрағанымызды жақтырмады. Ертеректен желі өретін жағымсыз аңыз бар еді. Біреудің үйі күйіп жатпай ма. Без бүйрек көршісі әлгі үйдің алаулаған жалынына қойдың басын үйітіп отыр дейді. Кісінің қасіретін қызықтағандай болмайық деп сандаған сауалдың арнасын соғыстан кейінгі жылдарға бұрдық.

Жиырма бір жасында орта мектепті, одан соң ауыл шаруашылығы институтын бітірген, мамандығы агроном-экономист. Жапанда тусырап жатқан далаға соқаның тісі тұңғыш тиген тың игеру жылдарында «Чехов» кеңшарында бас агроном болып еңбек еткен. Варвара апай мұнда келген кезде кеңшар түгіл, кеңшардың директоры да жоқ екен. Алғашқы қазығын қаққан, кейін өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген. Еңбек Қызыл Ту ордені, бірнеше медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған.

- Жер жарықтық еңбекті сыйлайды ғой, - дейді Варвара апай. 25 мың гектар жерге дән сіңіріп, әр гектарынан құрғақшылық жылдың өзінде 15 центнерден кем алмаушы едік. Астыққа ие бола алмай қалатынбыз.

Өмірге үш перзент әкеліп, ел қатарлы тәлім-тәрбие берген. Жолдасы Анатолий 1956 жылы өмірден озып, өзі зейнетке шыққаннан кейін Көкшетау қаласына көшіп келіп, аспап жасау заводында шебер болып еңбек еткен.

Сан сынақтан, әлденеше өткелектен өткен қария Көкшетау қаласында тұрып жатқалы Жеңіс мерекесіне байланысты ешқашан ешқайда шақырылып көрмепті. Мейлі дейді өзі. Қасіретті күндерді қайтадан есіме алып не қыламын...

Жақында қарияның қал жағдайын білейін деп блокнотта жазылған телефон нөмірін теріп қоңырау шалған едім. Өкінішке орай, мекен жайын өзгертті ме екен, әлде...

...телефон қонырауына арғы жақтан бұл жолы да ешкім жауап қатпады.

Соңғы жаңалықтар