Жеңілдікпен кредит беруге шағын және орта бизнес жобаларының пулын қалыптастыру керек - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жеңілдікпен кредит беру үшін шағын және орта бизнес жобаларының пулын қалыптастыру керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың тиісті қадамдарына назар аудару ұсынылып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау тұрғысында «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және Ұлттық банктің жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы аясында жеңілдікпен кредит беру үшін шағын және орта бизнес жобаларының пулын қалыптастыру қажет. Инвестициялардың өсуіне жаңа серпін беру мақсатында экожүйелер құру үшін экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен белсенді инвестициялық келісімдер жасауды жүргізу керек», - деді министр Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыздағы қорытындыларды баяндай келе.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі өсуді жеделдету үшін қолда бар ресурстар мен құралдарды тиімді пайдалана отырып, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету керек.

«Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасының уақтылы және толыққанды орындалуын қамтамасыз ету қажет. Жұмыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу керек. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударылады. Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру, қазіргі жағдайда экономикалық белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар