Жемқорлықты жою және алдын алу жұмыстары іс жүзінде жүргізілуі тиіс – Алик Шпекбаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұжымдарда жемқорлықты жою және алдын алу жұмыстары іс жүзінде жүргізілуі тиіс. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың БҚО-ға жұмыс сапары кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасының екі күндік жұмыс сапары Бөрлі ауданынан басталып, ол осында сервистік әкімдік жұмысымен танысты.

Әкімдікке жыл басынан бері 1200 әлеуметтік қызмет алуға мыңға жуық азамат өтініш білдірді, оның 800-і онлайн түрде берілді.

Алик Шпекбаев бір мезгілде 300 адамды қабылдай алатын және спорттың 19 түрі бойынша жаттығатын «Қарашығанақ» спорт кешеніне барды. Мейманның айтуынша, спорт кешенінде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған, сондықтан спортшыларға жайлы жер іздеп, басқа қалаларға кетудің қажеті жоқ.


Агенттік төрағасы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясын аралау барысында өндіруші салалардағы жемқорлықтың алдын алудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, корпоративтік комплаенс-қызметі жұмысының нәтижелерімен танысты.

«Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында біз квазимемлекеттік секторда ғана емес, жеке корпоративтік секторда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді комплаенсті енгізу үшін сенімді құқықтық негіз қаладық. Integrity идеологиясын насихаттау дәл осындай ірі салалық компаниялардан басталуы тиіс. Кәсіпкерлер тазалық пен парасаттылық стандарттарын сақтауға неғұрлым көп көңіл бөлсе, соғұрлым тезірек бәсекеге қабілеттілікке қол жеткіземіз», - деді А.Шпекбаев.


Биылғы 17 қазаннан бастап квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты заңнамалық деңгейде енгізілген болатын.

Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы басшылардың өз ұжымдарында жемқорлықты жою және оның алдын алумен айналысу міндеті құр сөз емес, іс жүзінде болуы керектігін баса айтты.

Көршілес Шыңғырлау ауданында агенттіктің жұмыс тобы мен қоғам қайраткерлері жаңа сервистік әкімдік ашты. Онда тұрғындардың жайлы жағдайын арттыруға септігін тигізетін 54 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады. Аудан мектептерінің бірінде «е-Асхана» цифрлық жобасын жүзеге асыру туралы бастама көтерген «Адал ұрпақ» клубының қызметі таныстырылды.

Агенттік төрағасы мемлекеттік кірістер басқармасына барып, Шыңғырлау ауданының активімен, жұртшылығымен және бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

Ол жергілікті бюджеттердің оңтайлы жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін атай отырып: «Агенттік «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» негізінде «Ашық бюджет» бірегей жобасын іске асыруда. Ол қоғамдық бақылауға және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жаңа серпін береді. Оны іске асырумен агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің мүшелерінен және азаматтық қоғам институттарының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы айналысады. Сондықтан жұртшылықты жемқорлыққа қарсы технологиялардың заманауи құралдарын белсенді қолдануға шақырамын», - деді.


Алик Шпекбаев Шыыңғырлау ауданында «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байғұловпен және «Адал көмек» жобасының жетекшісі Айман Омаровамен бірге «Халық үні» жобасы аясында азаматтарды қабылдады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда әділдік іздеген тұрғындардың «Адал көмекке» жүгінгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар