Жемқорлық туралы отбасыдан, мектеп қабырғасынан бастап айту керек – Бақытбек Смағұл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзекті мәселелер ашық диалог, ашық алаң, онлайн портал арқылы шешілетін болса – еліміздің азаматтары сергелдеңге түспес еді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл AntikorLive бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жемқорлық жойылса – халықтың әл-аухаты да жақсарады. Мемлекет басшысы Халық үніне құлақ асатын мемлекетке үн қосу керектігін айтқан. Қазіргі уақытта Ұлттық кеңестің аясында көптеген министрлікпен тікелей байланысқа шығып, мәселелерді көтеріп жатқан азаматтарды білеміз. Бұрын арыз-шағым жазған кезде көбінесе «Бұл сұрақ біздің мекеменің құзіретінде емес» деп жауап беретін. Мұндай жауап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына қайшы келеді. Осындай мәселелер ашық диалог, ашық алаң, онлайн портал арқылы шешілетін болса – еліміздің азаматтары мұншама сергелдеңге түспес еді», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан қарулы күштерінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты көп жағдай орын алған.

«Қазіргі уақытта олардың бәрі жазасын алуда. Ал ауған соғысына келетін болсам, жауынгерлер патриотизмді, Отан алдындағы антқа адалдықты бәрінен биік қойып отырды. Қазақстандық жауынгерлердің ешқайсысы қолға түсіп немесе сатқындық жасаған емес. Өкінішке қарай, көптеген лауазымды азаматтарымыз қазіргі уақытта жемқорлықпен абақтыда отыр. Әрбір азамат тазалықты, арды жоғары қойып, қызмет етсе деген ойымыз бар. Жемқорлықтың тамыры тереңге жайылып кетпес үшін бұл туралы отбасыдан, мектеп қабырғасынан бастап айта беру керек. Індетпен күресі – біз үшін міндет», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар