Жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 7 қостанайлық сыйақы алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық және пара алу қылмыстары бойынша мемлекетке 457 млн теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде аталған қаражаттың 414 миллион теңгесі қазынаға қайтарылған. Жыл басынан бері білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс салаларында қылмыс жасағандар тіркелген.

«Осы салаларда сыбайлас жемқорлық қауіпті деңгейге жетіп отыр. Жыл басынан бері 86 қылмыс тіркелген. Мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша да заң бұзушылыққа жол беріледі. Бұл бағытта «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесінде бюджеттік 115 млн теңге үнемделді. Ал арнайы мониторингтік топ карантин уақытында дәріханалардағы бағаларды тексеріп, сырттан келген гуманитарлық көмектердің дұрыс бөлініп, таратылуын бақылады. Осы уақытқа дейін 114 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тіркелді. Бұлар негізінен экология, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастарына жауапты мекемелерге қатысты», - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бас маманы Евгений Бедычке.

Соңғы 6 айда жемқорлық фактісі туралы хабарлаған облыстың жеті тұрғынына сыйақы берілген. Бұл мақсатта жарты миллион теңге жұмсалды.


Соңғы жаңалықтар