Жеміс ауруынан зардап шеккен бағбандар шығынының бір бөлігін мемлекет өтейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов бағбандарды қолдау шаралары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеміс дақылдарының аса қауіпті ауруы - бактериалды күйікпен күресте мемлекет тарапынан отандық бағбандарға қолдау көрсетіледі», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекет бактериалды күйіктен жойылған жеміс ағаштарын отырғызу мен өсіру шығынының жартысына жуығын субсидиялайды.

«Мұндай норма қазіргі заңнамада қарастырылмаған болатын. Сондықтан, жаңа норма енгізілді. Яғни, шаруа жеміс ағаштарының бактериалды күйігінен зардап шексе, мемлекет шығынның бір бөлігін өтеп береді», - деп түсіндірді Р. Құрманов.

Еске сала кетсек, бұған дейін вице-министр ауыл шаруашылығына ерікті сақтандыру жүйесі енгізілетінін хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар