Жем-шөптің қымбаттауынан шаруалар жаппай мал сатып жатыр – Мәжіліс депутаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

«Биылғы жыл мал шаруашылығы саласына оңай болмады: қары аз қыс, жаз айларындағы аптап ыстықпен қатар жауын-шашынның аз болуы жайылым жерлердің жағдайына теріс әсер етті. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл шөп шығымы аз болып, уақытынан бұрын қурап кетті. Жайылым жерлердегі жем-шөптің жеткіліксіздігі мен жем-шөп дайындау көлемінің қысқаруы малдың жай-күйіне кері ықпал етті, жем-шөп бағасының қымбаттауына әкеліп соқты, соның салдарынан мал басының кемуі басталды», - деді А. Әбілдаев Мәжілістің пленарлық отырысында.

Оның айтуынша, малды тірілей сатып алу бағасының төмендегені байқалады. Бордақылау орындары мен ет өңдеу кешендеріне тірі малды сатып алу құны 1 келісіне 670-800 теңге болды, орта есеппен баға 10-15%-ға төмендеген. Себебі, аналық мал ұстайтын және бұқаларды бордақылауға өткізетін фермер жем-шөптің қымбаттауынан малды қыста ұстау тиімсіз екенін түсінеді. Сондықтан, шаруашылықтар шығынға батпау үшін малын бордақылауға және ет өңдеу кешендеріне өткізіп жатыр.

«Бұл ретте, мал бордақылау орындарында малдың күндік азығы қымбаттап барады. Онда малды жем-шөптің қатты түрлерімен қоса, ұнтақталған дәнді дақылдармен қоректендіреді, олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 60-90%-ға көтерілген. Дизель отынының қымбаттауы да еттің өзіндік құнының қымбаттауына елеулі әсер етті. Мысалы, қыркүйектің соңында 1 литріне 289 теңге, көптеген өңірде 240-245 теңгені құраған, ал арзандатылған дизель отыны 2020 жылы 1 литріне 165 теңге болатын. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, онда мал басының өсуі баяулайды, күрделі ахуал Қазақстанды ет өндіру қарқыны бойынша бірнеше жылға артқа тастайды», - деді депутат.

Спикер аналық малдың жалпы кеміп кетуіне және фермерлер малын сатып алу бағасының одан әрі құлдырауына жол бермеу керектігін айтты. Өйткені баға төмендеп кетсе, саладан қатысушылардың басым бөлігі шығып кетуі ықтимал.

«Қазіргі кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі негізді, нәтижелі жұмыстармен және халыққа әлеуметтік көмек көрсетумен айналысып жатыр деп санаймыз. Олар азаматтарды халыққа көмектесуге шақырады, еріктілерге үміт артады, қызметкерлер еңбекақысын қорға аударады. Осылайша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азаматтарға көмек көрсетуде үкіметтің дәрменсіз екенін көрсетеді. Біздің ойымызша, бұған жол берілмеуі керек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау туралы шешім қабылданғаны және өтінімдерді қабылдау басталғаны хабарланды.

БАҚ көздерінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тамыздың ортасына қарай 10 өтінім қабылдағаны туралы есеп берді. Небәрі 10 өтінім ғана. Өтінім уәкілетті мемлекеттік органдардың форс-мажорлық жағдайлардың туындауын растайтын жазбаша актілері немесе өзге де құжаттар болған жағдайда мақұлдануы мүмкін. Бұл қандай құжат, оны қалай алуға болатынына қатысты сұрақ жауапсыз қалды. Біздің пікірімізше, бұл ситуация сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, қолдау зардап шеккен қарыз алушылардың көпшілігіне қолжетімсіз. Алайда БАҚ көздеріне қолдау шарасы іске асып жатыр деп дүркіретіп айтылуда», - деді А. Әбілдаев.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе депутат партия атынан бірнеше ұсыныс айтты:

- фермерлерге ешбір қосымша анықтама құжаттарын талап етпей оңайлатылған әрі түсінікті схема бойынша несиелер мерзімін ұзарту немесе қайта құрылымдау керек. Фермер қандай жағдайда несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға, жедел өтінім беруге, сондай-ақ несиеге мақұлдау алуға болатынын түсінуі тиіс. Бұл мемлекетке ешбір қосымша шығынын келтірмейді. Аграрлық несие беру корпорациясы әрбір арыз берген шаруаның неиесін таңдаулы түрде емес, жаппай созу керек.

- ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіруде тұрған әрбір малға мемлекет көктемде жем-шөпке деп беретін субсидияны қуаңшылыққа байланысты екі есеге көтеруі керек.

- шаруалардың аналық малды сатып алғанда берілетін субсидияны қараша айына дейін жеткізбей төлеп берген жөн. Бұл бюджетте негізделген мемлекеттің шаруалар алдындағы қарызы.

- аналық малды сатып алуға жеңілдікпен несие берген дұрыс. Бұл шара жем-шөпті дайындау немесе сатып алуға жағдайы жоқ шаруалардан аналық басты сатып алуға мүмкіндік. Осы ретте несиелер бойынша тиімді қаржылық шарттармен туындаған жоғары сұраныс аналық мал басы мен жалпы малға бағаны ұстап тұрады.

«Құрметті Роман Васильевич, дер кезінде мал басын сақтап қалу үшін фермерлерге қол ұшын бермесек, мал басының өсуі баяулап, Қазақстанның ет өндіру қарқыны бірнеше жылға артта қалып, оны қалпына келтіру оңайға соқпайды. Сондықтан да біздің көтерген мәселелерімізге құлақ асып, шешуге көмек беруіңізді сұраймыз», - деді Азамат Әбілдаев.


Соңғы жаңалықтар