Желтоқсаннан бастап Қарағандыда жолақы төлеудің электронды жүйесі іске қосылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда ONAY қызмет көрсету орталығы ашылды. Компания қызметкерлері халыққа жол жүру ақысын төлеу карталарын ресімдеу, толтыру және қайта шығару бойынша консультациялық және практикалық көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағандының автобус парктері ONAY Алматы компаниясымен қызмет көрсету туралы шарт жасасты. Бұл компанияны таңдауға Алматыда жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі табысты енгізілуі түрткі болды. Біз жүйені енгізу мерзімдерін, төлеудің баламалы тәсілдерінің болуын, көлік карталарының теңгерімін бірден толықтыру мәселесін зерделедік», – деп атап өтті Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Электронды жолақы төлеу жүйесін осы жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл ретте Қарағандыда сараланған тариф ақпан айынан бастап қолданыла бастайды.

Егер ONAY картасын пайдаланған кезде жол жүру құны 80 теңге болса, қолма-қол ақшамен төлеген кезде жолаушыларға 150 теңге төлеуге тура келеді.

5 қазаннан бастап ONAY бірыңғай карталарын сату нүктелері ОӘД, «Таир» СОО, Майқұдықтағы «Ұмай» СҮ, Оңтүстік-Шығыстағы «Раха» СҮ, сондай-ақ Мануильский көшесі,17а Халық банкінің ғимаратында және Пришахтинскідегі «Юма» супермаркетінде ашылады.

Келушілер карталарды сатып алып қана қоймай, жеңілдік картасын рәсімдей алады.

Карта құны – 500 теңге. Теңгерімде бір сапар ақысы болады.

«ONAY компаниясы көлік карталарының төрт түрін жүзеге асырады. Бұл «Бірыңғай» – барлық азаматтар үшін. «Әлеуметтік», оны 20-ға жуық жеңілдік санаттарға ие азаматтар пайдалана алады. Ол тегін беріледі. Және «Зейнеткер» картасы. Бұл картаны пайдаланушылар алатын зейнетақы мөлшері 21 АЕК-тен асатын зейнеткерлер болып табылады. Сондай-ақ, «7-15 жастағы балалар» картасы бар. Ол оқу орнында жауапты тұлғамен рәсімделеді және беріледі. 1 желтоқсанға дейін оны тегін алуға болады. Балалар картасы бойынша жол жүру құны – 40 теңге», – деп хабарлады Алматы қаласы көлік холдингінің директоры Садир Хамраев.

Пайдаланушылар ONAY карталарын интернет-банкинг және терминал, сондай-ақ ONAY мобильді қосымшасы арқылы толықтыра алады.

Автобустарда жол жүру ақысын бірнеше жолмен төлеуге болады. Карталарды пайдалану және толықтыру ережелері туралы толық ақпаратты ONAY.KZ сайтынан немесе компанияның сall-орталығынан (8-7212) 50-60-50 нөмірі бойынша білуге болады.

«Бөгде компанияның көлік карталары бар (Smart Card) Қарағанды тұрғындары оларды біздің қызмет көрсету орталықтарымызда тегін айырбастай алады. Ол үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы және қайта шығару туралы өтініш толтыруыңыз қажет. Біздің картамыздың басты ерекшелігі – Қарағанды тұрғындары оларды Алматыда, ал алматылықтар, керісінше, Қарағандыда пайдалана алады», – деп толықтырды Садир Хамраев.

ONAY қызмет көрсету орталығы Коммунальная көшесі, 3 мекенжайында орналасқан.


Соңғы жаңалықтар