Желтоқсан қаһармандарының ерлігі қалай насихатталмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының азаматтық ерлігін насихаттау үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет бекітілген іс-шара жоспары аясында кешенді жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда 2021 жылғы 19 қарашада Алматы қаласында белсенді желтоқсаншылардың, Парламент депутаттарының, тарихшылардың, сарапшылардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізу жоспарлануда», - делінген вице-премьердің жауабында.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, жыл соңына дейін «Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауы: Желтоқсан көтерілісінің маңызы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы, «Желтоқсан оқиғасы-1986» онлайн семинары, «Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы: Кеше. Бүгін. Ертең» республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы өткізіледі.

«Бұл іс-шаралар желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын айшықтап және оған объективті баға берілуін қалыптастыру мақсатында тарихшы-ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен пікірталас алаңын құруды көздейді.

Сондай-ақ, республика көлемінде желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау бойынша әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде меншік нысанына қарамастан барлық орта білім беретін ұйымдар мен жоғары оқу орындарында тәуелсіздікке жол салған Желтоқсан оқиғасы мен оның құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында қоғамдық-саяси іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, жастар ұйымдары өкілдерінің, Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың туыстарының қатысуымен Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан боздақтарды еске алу іс-шаралары, монументтерге гүл шоқтарын қою рәсімдері қолға алынуда», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар