Жекешелендіруге жататын, бірақ аукционда өтпей қалған нысандар кімге беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекешелендіруге жататын, алайда сатылмай қалған нысандар кімге беріледі? Бұл сұраққа Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасы міндетін атқарушы Ғалымжан Ибраимов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, үш сатылым бойынша өтпей қалған нысан - жойылады. Егер біз белгілі бір нысанды үш мәрте сатып, ақыры ол өтпей қалса - демек, ол нысанның ешкімге керек болмай қалғаны», - дейді Ғалымжан Ибраимов.

Комитет өкілінің айтуынша, бұл ретте жекешелендірудің негізгі мақсаты - экономикаға мемлекеттің араласуын азайту екенін ұмытпау керек.

«Жекешелендіру - ең алдымен экономикаға мемлекеттің араласуын шектеу үшін жүргізіледі. Қажет болмай қалған нысандарды жою да өз кезегінде экономикаға мемлекеттің араласуын қысқартуға бағытталған. Нысанды жою Азаматтық кодекске сәйкес іске асырылады. Нысан жойылғаннан кейін қалған мүліктерді біз басқа да заңды тұлғаларға береміз. Яғни, ешкімге тегін ештеңе берілмейді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында мемлекеттік меншік объектілерін сату жұмысын барынша пайдамен жүргізу қажеттігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар