Жекешелендіру жоспары: 106 объект 36 млрд теңгеге сатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша жыл басынан бері 36 млрд теңгеге 106 объект сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында мемлекеттік бюджетің атқарылу барысын баяндаған ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 36 млрд теңгеге 106 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, тағы 110 объект сатылымға қойылып, 6 объект таратуға жіберілген.

«Алдағы уақытта 451 объектіні жеке меншікке өткізу керек», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ, ол бюджеттің игерілуіне жүргізілген аудит пен камералдық тексерудің алғашқы қорытындысын мәлімдеді.

«8 айдың ішінде 5,3 трлн теңгенің 634 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысы 30 мың рәсім бойынша бұзушылықтарды анықтады. Мемлекеттік аудит объектілері оларды жою бойынша 29 мыңға жуық хабарламаны орындады. Жыл басынан бері 2198 аудиторлық іс-шара өткізіліп, 1 трлн 429 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 146 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 94 млрд теңгенің заңсыздығы тауарларды жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілді. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін шамамен 2 мың ұсыным берілді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар