Жекешелендіру: Мемлекеттің экономикадағы үлесі 15 пайызға дейін қысқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр мемлекеттік сатып алу кезінде шартты үнемделген қаражат 448 млрд теңгені құрады. Бұл туралы онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік активтерді басқаруға қатысты тоқталсақ, 2020 жылы Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аяқталды. Былтыр 101,1 млрд теңгеге 12 объект сатылды. Нәтижесінде, мемлекеттің экономикадағы үлесі 2015-2020 жылдар арасында жалпы ішкі өнімге қатысты 19,1 пайыздан 15 пайызға дейін қысқарды», - деді Е. Жамаубаев.

Осы орайда ол жекешелендіру рәсімдерін оңайлату және жеделдету мақсатында тиісті заңнамалық актілер қабылданғанын еске салды.

Сонымен қатар ведомство басшысы мемлекеттік сатып алу процесіне тоқталды.

«Бюджетті атқарудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі мемлекеттік сатып алу болып саналады. Бүгінде оның бүкіл процесі автоматтандырылған. Веб-порталда 109 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мың тапсырыс беруші тіркелген. Мемлекеттік сатып алу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсіп, 5,9 трлн теңгеден астам соманы құрады. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу кезінде шартты үнемделген қаражат 448 млрд теңгені құрады. Жалпы соңғы 3 жылда үнемдеу 1 трлн теңгеден астам болды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар