Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасы: Азық-түлік қауіпсіздігі қалай шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған заң жобасының қоғамдық маңыздылығына байланысты өзекті сұрақтарға берілген жауаптарды жариялады.

1. Заңның қабылдануы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

- ФАО деректері бойынша (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) әлемдегі азық-түлік тауарларының шамамен 80%-ын отбасылық фермерлік шаруашылықтар өндіреді. Қазақстан заңнамасында отбасылық фермерлік шаруашылық деген ұғым жоқ. Бірақ бізде бұл анықтамаға өз қызметін жұмыс күшін жалдаусыз жүзеге асыратын, яғни бір отбасы мүшелерінің күшімен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтары жатады. Бұл ретте Қазақстанда жеке қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтарының жиынтық үлесіне азық-түлік тауарларын өндірудің басым үлесі тиесілі - шамамен 70-80%. Мысалы, олар барлық түрдегі сүттің 90% - ын, ашық жердегі көкөністердің 84% - ын, картоптың 83% - ын және сою салмағындағы барлық түрдегі еттің 70% - ын өндіреді.

Жалпы, жеке қосалқы шаруашылықтың үлесіне бүкіл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің жартысына жуығы тиесілі. Сонымен қатар, ұйымдасқан агроқұрылымдардан, сол шаруа қожалықтарынан немесе заңды тұлғалардан айырмашылығы, жеке шаруа қожалықтары мұны ешқандай мемлекеттік қолдаусыз жасайды.

Өкінішке қарай, бүгінде олар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр, сонымен бірге өндіріс тауарларын (тұқымдар, тыңайтқыштар, ветеринарлық препараттар және т.б.) жоғары бағамен сатып алады.

Заң жобасы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға, жеке қосалқы шаруашылықтарды басқаратын ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, ЖҚШ кооперациясын ынталандыру шаралары көзделген. Кооперация - қазақстандық өнертабыс емес. Бұл - халықаралық тәжірибе. Әлемде ауылшаруашылық кооперативтерінде жүздеген миллион адам бар. Халықаралық тәжірибеде кооперативтер:

біріншіден, ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін әділ бағамен дайындауға, сақтауға, бастапқы өңдеуге және сатуға көмектеседі;

екіншіден, ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме бағамен өндіру үшін қажетті тауарларды қарсы жеткізуді жүзеге асырады;

үшіншіден, өз пайшылары үшін сервистік қызметтерді – ветеринариялық қызмет көрсетуді, өсімдіктерді қорғау, жерді механикаландырылған өңдеу және т. б. жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастырады;

төртіншіден, өз пайшыларын жаңа тұқымдар, сорттар, технологиялар туралы, заңнамадағы, бағдарламалық құжаттардағы өзгерістер, нарықтардағы жағдайлар туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді;

бесіншіден, мемлекеттік қолдау – кредиттер, субсидиялар және т. б. алуға жәрдемдеседі.

«Кооперативтердің қызметін ұйымдастыру ауыл шаруашылығы өнімдерін лайықты бағамен жеткізуді ұйымдастыруға, өндірушілерден тұтынушыларға дейін тізбектегі делдалдардың санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты бағамен жеткізуді қамтамасыз етуге жағдай жасайды», - делінген АШМ мәліметінде.

2. Заңның қабылдануы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына қалай әсер етеді?

- Бірінші кезекте, мемлекет заңды іске асыру аясында кооперативтерді қажетті жабдықтармен және арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Мысалы, сүт қабылдайтын салқындатқыш танкерлермен, сою пункттерімен, көкөніс қоймаларымен және т.б. Бұл технология талаптарына сәйкес дайындауды, сақтауды, бастапқы өңдеуді және тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кооперативтер қажетті тыңайтқыштарды, пестицидтерді, ветеринариялық препараттарды жеткізумен, сондай-ақ жем-шөп дайындау, ветеринариялық қызмет көрсету, өсімдіктерді қорғау бойынша қызметтер көрсетумен айналысатын болады. Сонымен қатар, кооперативтер өндіріс технологиялары, соның ішінде малды ұстау, өсімдіктерге күтім жасау, тыңайтқыштар, пестицидтер, ветеринарлық препараттарды қолдану туралы білімді тарата алады. Мұның бәрі ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына әсер ететіні сөзсіз.

3. Азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізуі үшін қандай ынталандырулар көзделген?

- Заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуды ынталандыру үшін кооперативтерге арналған жабдықтардың құнын инвестициялық субсидиялау, өз мүшелеріне – жеке қосалқы шаруашылықтарға көрсетілетін кооперативтер қызметтерінің құнын субсидиялау, жеке қосалқы шаруашылықтар мен олардың кооперативтеріне микрокредит беру, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізетін азаматтарды оқыту түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Бұдан басқа, ЖҚШ-да мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары, оның ішінде білім тарату орталықтарында оқыту, маркетингтік ақпарат алу құқығы таратылатын болады.

4. Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мөлшері қандай?

- Жер кодексінде «жеке қосалқы шаруашылық» ұғымы ауылдық жерде және қала маңы аймағында орналасқан жер учаскесінде өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет түрі ретінде айқындалған.

Қазақстан Республикасының азаматтарына ауылды жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (үй маңындағы және егістік телімдерді қоса алғанда) - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар жер учаскелері өтеусіз беріледі.

Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін жер учаскелерін беруге өтініш кезекке қойылмайды.Бұл ретте, жер учаскелері – құрылыс кезеңіне жалға, ал жекеменшікке құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін беріледі.

5. Ветеринарлық заңнама талаптарына сәйкес, әр ауладағы мал санының нормасы қанша болуы керек?

- Малды үй-жайларда, жайылымдарда ұстаудың ветеринариялық-санитариялық және зоотехникалық нормалары бар. Аталған нормалар жайылымдардың өнімділігіне қарай әзірленген.

Бұл нормалардан асып кету ауылды елді мекендер ішіндегі санитариялық гигиенаның нашарлауына, ауылдар маңындағы жайылымдардың тозуына әкеп соғады. Бұл сайып келгенде жануарлар мен адамдар ауруларының пайда болу қаупін, экологиялық ахуалдың нашарлауын туғызады.

Жоғарыда көрсетілген нормалар негізінде әрбір өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір аулада малдың шекті санын белгілеу құқығы заң жобасымен тікелей сол немесе өзге елді мекеннің тұрғындарына, дәлірек айтқанда нақты ауыл тұрғындарының жиындарына, жергілікті өкілді органдарға (мәслихаттарға) берілген.

6. Малды не үшін тіркеу керек?

- Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқор - жануарлар туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі.

Бұл деректер жануардың жеке нөмірін, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін, жануардың иесі туралы деректерді қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы деректерді қамтиды.

Бұл есепті жергілікті әкімдіктердің мемлекеттік ветеринариялық ұйымдары жүзеге асырады. Есеп деректерін өз жұмысында ветеринария саласындағы уәкілетті орган, яғни ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау комитеті пайдаланады.

Ветеринариялық іс-шаралар «Ветеринария туралы» ҚР Заңына сәйкес эпизоотиялық салауаттылықты сақтау және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

7. Тіркелген малға салық салына ма?

- Жоқ, өйткені мемлекеттік жүйелерде тіркелген мал салық салу объектісі емес.

8. Құжат аясында әзірленіп жатқан заң жобасына бір мезгілде Қылмыстық кодексті сәйкес келтіру қажеттігі туындап отыр. Заң жобасына сәйкес қандай жауапкершілік қарастырылған?

- Бүгінгі таңда бұл норма жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып алынып тасталды. Қылмыстық кодекс аясында ешқандай жауапкершілік шаралары көзделмеген.

Қазіргі кезде «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы «Ашық НҚА» порталында орналасқан.


Соңғы жаңалықтар