Жедел жәрдем жүргізушілері айыппұлды өз қалтасынан төлемейді - департамент

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жол ережелері бойынша салынатын айыппұлға шағымданды. Олар енді айыппұлды өз қалталарынан төлейді. Осы мәселеге қатысты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанар Мадеева түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша медициналық жедел жәрдем қызметі басшылығы бұл мәселені үнемі бақылауда ұстап, жол полициясы басқармасымен бірлесіп жұмыс істейді.

«Жедел жәрдем көлігі шақыртуға шыққанда міндетті түрде дыбыстық дабыл қосылады. Осы кезде жол ережелері де бұзылады. Бұл жағдайда айыппұлды жүргізушілер төлемейді. Мұның бәрі жол полициясы басқармасымен пысықталып, айыппұл алынып тасталды. Егер көлікте дабыл қосылмаса және ол станцияға қайтып келе жатқанда бұзушылықтарға жол берілсе, онда айыппұл жүргізушіге жіберіледі. Бірақ бүгінгі таңда бірде бір жүргізуші айыппұлды өз қалтасынан төлеген жоқ. Біз осы мәселе бойынша жол полициясымен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол бұзылып қалған жедел жәрдем көлігінің қосалқы бөлшектерін жүргізушілер сатып алмайтынын жеткізді.

«Жедел жәрдем қызметінің автокөлік жөндеу шеберханалары бар. Біздің жедел жәрдем қызметі арнайы көлік жөндейтін компаниямен жұмыс істейді. Бұл мақсатқа 130 млн астам теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда жөндеуге жіберіледі. Егер жедел жәрдем көлігінің бұзылуына жүргізуші кінәлі болса, онда жөндеу жұмыстарының шығынын жүргізуші төлейді», - деп түсіндірді ол.


Соңғы жаңалықтар