Жаз мезгілі жұқпалы ішек ауруларының өршитін кезі - маман

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаз айлары жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін кезі. Әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидектен уланып қалу қаупі өте жоғары болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ержан Байтанаев ҚазАқпарат тілшісіне ішек инфекцияларының профилактикасы туралы айтып берді.

Ержан Байтанаев жыл мезгілдерінің ыстық кездерінде басқа уақытқа қарағанда ішек инфекцияларының өршуі жоғары болатынын жеткізді.

«Жіті ішек инфекциясы - бактериялар мен вирустардың түсуінен, асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен жүретін жұқпалы аурулар тобы. Ішектің ауруға шалдығуы, іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Вирустық ішек инфекцияларының қоздырғыштары - ротавирустар, норовирустар, аденовирустар. Оның қоздырғыштары сыртқы ортада тұрақты, олар қолда, ыдыста, ойыншық пен тұрмыстық заттарда, топырақта және суда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Инфекция әдетте дезинфекция жасаған кезде өледі»,- дейді спикер.

Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден: жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдар пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады.

«Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау шарттары мен мерзімдерін қатаң сақтау керек. Азық-түлікті арнайы сауда нүктелерінен және оның қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары болған жағдайда ғана сатып алған жөн. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек. Көкөністер мен жемістерді кем дегенде 2 сағат суға салып қойған дұрыс. Сол кезде ондағы нитрат жойылады. Тұтынар алдында қайнаған сумен бір шайып алсаңыз артық болмайды»,- дейді ол.

Оның айтуынша, табиғи жолмен ешқандай нитраттар қолданылмаған көкөніс пен жемістің дәмі де, иісі де ерекше болады.

«Көкөністер мен жеміс- жидектердің ел алдымен сыртқы түріне назар аударған дұрыс. Табиғи жолмен, өз уақытында піскен көкөністер мен жемістер дәруменге бай болады. Ал сырттан тасымалданатын жемістер де дәрумендер аз. Сондықтан жергілікті көкөністер мен жемістерді, дәлірек айтсақ, біздің елде өсетіндерді жиі пайдалануды ұсынамыз. Әрбір жемістің пайдасы алуан түрлі «,- дейді спикер.

Соңғы жаңалықтар