«Жайықтың қос қыраны» атты республикалық айтыстың жүлдегерлері анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Жұбан мен Қадырдың мерейтойына арналған «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтысты жүргізген белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман атап өткендей, екі күнге созылған айтыста ақындар сөзбен сомдап, Жайықтың қос қыранына жырдан ескерткіш орнатты.

«Айтыс - қазақтың төл өнері. Бұл сайыс індеттен кейін алғаш, көрерменсіз өтті. Телевизиялық нұсқасы «Қазақстан« телеарнасынан көрсетіледі. Айтыста шындық айтылып, оған ешкім ренжімеуі керек. Шындықтың жолы тар, бірақ бар. Тек сонда ғана өнер өседі, дамиды. Халқымыздың сөз өнері өлмейтініне осы айтыс та дәлел», деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (1,5 млн теңге) түркістандық Бекарыс Шойбековке берілді.

Қарағандылық Төлеген Жаманов бірінші (1 млн теңге), қызылордалық Мұхтар Ниязов пен батысқазақстандық Жансая Мусина екінші (500 мың теңгеден), тағы бір батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен алматылық Қазірет Бердіхан үшінші (400 мың теңгеден) орынға ие болды.

Арқалықтан келген айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, атыраулық жас талант Фариза Жетпісбаева және павлодарлық Аспанбек Шұғатаевқа 300 мың теңгеден Асанәлі Әшімов қорының арнайы сыйлықтары тапсырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Қазақтың Қадыры» атты жыр мүшәйрасы мәреге жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар