Жайықта балықтың жаппай қырылуына айыптыларға сот үкімі шықты

None
None
АТЫРАУ. КАЗИНФОРМ – Атырауда сот Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына кінәлі тарапқа үкім шығарды. Айыпталушылар қатарында қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Атырау су арнасы» КМК бұрынғы басшылары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау қаласы №2 сотының үкімімен «АСА» КМК бұрынғы директоры Р.Құрметов Қылмыстық кодекстің 37-бабы 2-тармағы, 328-бабы 3-тармағы, 204-бабының 2-тармағында қарастырылған қылмысты жасады деген айыппен кінәлі деп танылды. Оған қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-тармағы негізінде неғұрлым қатаң жаза қолдану жолымен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы 3 жыл мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқара алмайды. Директордың бұрынғы орынбасары В.Сущенко мен су тазалау стансасының басшысы М.Чурсин ҚК 328-бабының 3-тармағында, 204-бабының 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар 3 жылға мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушылардың жазасын өтеу орны - орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесі. Сондай-ақ, сот «Атырау су арнасы» КМК-ден Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының пайдасына - 13 миллион 924 мың теңге, Жайық-Атырау бекіре зауытының пайдасына - 429 миллион 438 мың теңге, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС пайдасына - 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге мөлшерінде материалдық шығынды өндіріп алу жөнінде үкім шығарды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балық жаппай қырылып қалған. Жайық-Атырау бекіре зауыты бекіре тұқымдас балықтардың жартысын жоғалтты. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің тауарлы бекіре өсіретін балық зауыты зауытында 36 мың орыс бекіре тұқымдас – 101 тонна балық өлген. Жалпы 110 тонна балық қырылды. Жайықтағы популяция әлі күнге дейін қалпына келмеді.

Соңғы жаңалықтар