«Жасыл ел» астаналық 1200 жасты жұмыспен қамтиды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин уақытында «Жасыл ел» жобасы аясында елордада 1200 жас жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары жобасы - жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобалардың бірі.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 16-шы еңбек маусымы басталады.

Елордада 2017, 2018 және 2019 жылдары «Жасыл ел» жобасында 975 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жобаның жастар арасындағы сұранысы мен қызығушылығы ескеріліп, алдағы 3 жылға квота 1200 адамға дейін артты.

Жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар 3 санат бойынша қабылданады:

1. Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 14-17 жас аралығындағы балалар;

2. 17-22 жас аралығындағы ЖОО мен колледж студенттері;

3. 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар.

14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулыққа зиян тигізбейтін, күніне 4 сағатқа дейінгі жұмысқа тартылады. Балалар елорда саябақтарын, өз мектептерінің ауласын көгалдандыру, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады.

17-22 жас аралығындағы жастар «Астана ЗеленСтрой» компаниясымен бірлесіп, қала саябақтарының көгалдануына үлес қосуда. Кәмелет жасынан асқан жастар еңбек кестесіне сәйкес күніне 8 сағат жұмыс істейді. Олар құрылыс нысандарына да жұмылдырылған. Онда мамандардың көмекшілері, түрлі жұмысшы ретінде қызмет етеді.


Жастар өздері жұмыс істейтін орыннан жалақы алады және «Жасыл ел» жобасы қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындайды. Бұған қоса, отандық компания шығарған арнайы экипировка (бейсболка, ақ футболка, спорт киімі) беріледі.

Жұмысқа орналасуда әрбір жаспен келісімшарт жасалып, онда көрсетілген қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады. Карантинге байланысты жұмыс талаптары біраз өзгерді.

Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Олардың арақашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуі, барлық жастардың бетперде мен қолғап киюі қадағаланады.


Соңғы жаңалықтар