Жастарды отбасылық өмірге дайындау бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жастарды отбасылық өмірге дайындау бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындады. Әдістемелік құрал мұғалімдерге, жоғары сынып оқушыларына, 1-2 курс студенттеріне сабақ беретін мамандарға арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Неке жасына жеткен бүгінгі жастар көп жағдайда отбасын құруға ұмтылмайды. Жастардың көбі отбасылық, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастар туралы түсініктері түбегейлі өзгеріп, жеңіл қарауға көшкен. Нәтижесінде еркін қарым-қатынастар артуы салдарынан толық емес отбасылар санының өсуі байқалады. Сондай-ақ, неке серіктесіне қойылатын талаптар артқан. Осылайша бүгінде отбасы институты дағдарысты бастан кешіріп жатыр, ажырасулар саны өсіп, тіркелген некелер азайып жатыр», – дейді әдістемелік нұсқаулықты құрастырушылар.

Ұсынымдар психосексуалдық даму және репродуктивті денсаулық туралы білімді қалыптастыру, отбасындағы рөлдерді бөлу туралы идеялар, отбасылық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты зерттеу, Неке және отбасы туралы заңнаманың негіздерімен танысу, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу, тұлғааралық қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу сияқты аспектілерді қамтиды.


Оқу құралында пікірталастар, мамандардың дәріс-кеңестері, өзін-өзі диагностикалау сабақтары, видео презентациялар, танымдық ойындар және тағы басқа әдістемелер арқылы жастардың білімдерін арттыруға болатындығы айтылған.

Мысалы, әдістемелік құрадал «Махаббат пен достық туралы не білеміз», «10 Мен», «Дос іздеймін» жаттығуларын, «Комплимент» ойынын, «нағыз» еркек пен әйелге тән қасиеттерді құрастыруға арналған практикалық тапсырмаларды, «идеалды» жұптың портретін және жұбайына қажет қасиеттерді егжей-тегжейлі сипаттайды. Сондай-ақ жаттығулар қатарында И. Юнданың адамның отбасылық өмірге дайындығын бағалау сауалнамасы, «Айсберг – қақтығыста өзімді қалай ұстаймын» жаттығулары бар.

Сонымен бірге, барлық өңірдегі отбасын қолдау қызметтерінің байланыс деректері, отбасы-неке қатынастары саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттар, сондай-ақ жас отбасыларға арналған тұрғын үй қатынастары саласындағы бағдарламалар, жеңілдіктер тізбегі ұсынылған.

Қазіргі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі – отбасы институтының маңыздылығын түсіну. Сондықтан қазіргі жағдайда отбасылық әлеуметтану және жеке тұлғаны тәрбиелеу қажеттілігі туындады. Өскелең ұрпақтың әлеуметтенуі, болашақ отбасылардың әл-ауқаты көбінесе осы аспектіні іске асыру сапасына байланысты, – делінген әдістемелік нұсқаулықта.


Соңғы жаңалықтар