Жастар ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс – Мемлекеттік хатшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар жаһанданудың заманауи игіліктерін бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс. Бұл туралы «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «21 ғасырда Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деп жастардың алдына айқын міндеттерді белгілеп берді. Президент біздің елімізде жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам жүйесі берік орнауы керек деген ұстанымын ерекше атап өтті. Және де мемлекетіміз бүгінде өз тарапынан әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету іс-шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жоғары интеллект салтанат құрған, ақыл-парасат әлеуеті алдыңғы қатарға шыққан жаңа дәуірде бұл аса маңызды жұмыс», - деді Қырымбек Көшербаев.

Осы ретте ол елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру бағдарламасына айналдыру бойынша нақты іс-шаралар қабылданып жатқандығын еске салып өтті.

«Бұл жаңғырулар ең әуелі еліміздің ертеңгі келешегі жастар үшін аса қажет. Сіздер жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап бере отырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, оларды басты мұраттарыңызға сай орнықтыруларыңыз қажет. Мысалға, зерттеулер көрсетіп отырғандай, бүгінгі жастар даңғаза той-думан мен асыра ысырапшылдықты қаламайды екен. Бұл не деген үрдіс? Өйткені, ата дінімізде, ұлттық дәстүрімізде хәкім Абай айтқандай, артық мақтаныш, аста-төк ысырапты игі әдептердің қатарына ешқашан жатқызбаған. Сондықтан жастар жаһанданудың заманауи игіліктерін бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс», - деді Қырымбек Көшербаев.


Соңғы жаңалықтар