Жаркентте жұмыспен қамту жүйелі түрде іске асуда

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні жұртшылықты жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, табысын арттыру бір жағынан жұмыспен қамтуды жүйелі түрде жүргізу арқылы орындалады.

Әсіресе ел өңірлерінде әкімдіктер осы мәселеге барынша назар аударуы тиіс. Осындай өңірлердің бірі - Алматы облысы Панфилов ауданында жұртшылықты жұмыспен қамту жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» тілшісі Жаркент өңіріндегі жағдай бойынша Панфилов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қуандық Әшіржановпен аз-кем сұхбаттасқан еді.
null

- Халықты жұмыспен қамту бағдарламасының Жаркент өңірінде қалай жүзеге асып жатқанына тоқталсаңыз?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылған. Онда Елбасы: «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз» деп айрықша атап көрсеткен. Мемлекет басшысының осынау тапсырмасының орындалуы - «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» тиімді жүзеге асыруға тікелей байланысты.

Бағдарламаның біздің ауданда орындалуына келсек, онда нақты статистикаға жүгінуге болады. Мәселен, 2018 жылы біздің орталыққа барлығы 4112 азамат жүгінген болатын. Олардың 2248-і жұмыспен қамтылды. Жұмысымыздағы бірінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуде еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, бір жылға 64,3 млн теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы толығымен игерілді. Яғни, аталған бағытта барлығы 250 азаматты оқыту жоспарланса, бұл жылдық жоспар 100 пайыз жүзеге асты. Екінші бағыттағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 288 жұмылды. Шағын несие беру бойынша 183 азаматқа жолдама беріліп, олардың 89-ы 358,4 млн. теңге несие алды. Оның ішінде 8 қызмет көрсетушіге 32,1 млн.теңге, 81 мал шаруашылығымен айналысатындарға 326,3 млн.теңге тапсырылды. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқытылған 288 азаматтың 45-і шағын несие алуға қолы жетті.

- Осы орайда жұмыссыз азаматтарды уақытша іспен қамтамасыз ету де - тығырықтан шығудың бір жолы емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Бұл мәселе біздің орталық қызметінің үшінші бағытында қарастырылған. 90 жұмыссыз жанды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу үшін бір жылға 18,0 млн. теңге жоспарланған болатын. Іс жүзінде 104 адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 115,5 пайыз орындалды. Оның 95-і тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарын құруға өтінім білдірген мекемелер іріктеліп, 19 жұмыс берушімен келісімшарт жасалды. Сонымен қатар өтініш білдірген 27 мекемеге келісімшарт негізінде 894 жұмыс іздеуші азамат уақытша қоғамдық жұмыстарға жолданды. Сондай-ақ, бір жылда электрондық еңбек биржасы арқылы 1130 азамат тікелей жұмысқа орналастырылды.

- Жастар арасында жұмыссыздықпен күрес қалай жүріп жатыр ?

- Бұл бағытта «Жастар тәжірибесі» атты бағдарлама бар. Бұл - біздің қызметіміздің ең маңызды бөлігінің бірі. Осы бағытта бір жылға 23,5 млн. теңге бөлініп, аталған қаражат толығымен игерілді. Аудан бойынша жоғары және арнайы оқу орындарын тәмамдаған 104 жас маман өтінім берген 35 мекемеде алты ай іс-тәжірибеден өтті.

- Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселесі қалай шешілуде?

- Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша бір жылға барлығы 12000 адамға немесе 2400 отбасына 257,0 млн.теңге қарастырылған еді. Іс жүзінде 4281 адамға немесе 765 отбасына 194,8 млн.теңге әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке 109 отбасы немесе 532 адам, шартты ақшалай көмекке 656 отбасы немесе 3749 адам ие болды. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес мүмкіндігі шектеулі 45 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған болатын. Іс жүзінде бұл көрсеткіш 76 адамға жетті.

Бұдан бөлек, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа тарту бойынша бір жылда 18 адам бағдарламаға тартылды. Бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққан азаматтар қатарынан 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

- Алдағы жоспар қандай?

- Биылғы сәуір айынан бастап бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 70 адамды кәсіптік қайта даярлауға жіберу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жоспарға сәйкес 65 жұмыссыз азамат ақпан айынан бастап он бір айға әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сонымен қатар биыл 450 жұмыссызды қоғамдық жұмыстарға тарту жоспарланып, ақпан айының басынан 170 адам мекемелерге орналастырылды. «Жастар тәжірибесі» бойынша да 50 жас түлек ақпан айынан бастап алты ай мерзімге жұмысқа жолданды. Биылғы бірінші ақпанға дейін 476 аз қамтылған және көпбалалы отбасына немесе 2705 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 20281,4 млн. теңге қаражат төленді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Нұрәділ БЕГІМБЕТ

Соңғы жаңалықтар