Жаркентте мемлекеттік тіл мәселесі талқыланған жиын өтті

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Жаркент қаласында «Тілімнің тұнық тұмасы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаевтың төрағалығымен өткен бұл жиында тіл мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Жанар Жұмабаева «Рухани жаңғыру: мемлекеттік тілдің маңызы мен мәртебесі», ал Назира Әміржанова «Ұлттық жазу: графикалық және орфографикалық ерекшелігі» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Аудан әкімінің орынбасары Р.Мағрупова мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытындағы атқарылатын шараларға тоқталды.

Бұдан бөлек, аудандық тіл жанашырлары, атап айтқанда, аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы И. Үркімбайұлы, № 6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Е. В. Бондарцева, Розыбакиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі З. Б. Сатыбалдиева, Елтінді батыр атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі М. М. Солтанаев, тағы басқа да тіл жанашырлары талқылау арқауына айналған мәселелер жөнінде өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесін көтерген болатын.

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпағанымыз жөн», - деген еді Президент.

Соңғы жаңалықтар