«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі -Жетісудың жауһары

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Ежелгі Ұлы Жібек жолының сілемінде қоныс тепкен көне де жаңа Жаркент қаласы – қазір Панфилов ауданының орталығы. Мұнда тарих тереңінен тамыр тартатын ескерткіштер аз емес. Солардың бірі де бірегейі - «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл мешітті сонау 1887-1892 жылдары халықтан жинаған қаржыға бірінші гильдиядағы саудагер Уәлиахун Юлдашев салдыртыпты. Ғимарат Қазақстан мен Орта Азияның сәулет-құрылыс өнерінің ең үздік тәсілдері ескеріле отырып жасалған. Құрылысын басқарған - Хон Пик деген қытай сәулетшісі.

Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, күнделікті бес уақыт намаз оқы­латын кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіш­тен қаланған сәнді дуал қоршау, оңтүстік және солтүстік жағындағы қосымша шағын қақпалар енеді.

Қасбеті шығысқа қараған, оның мұнарасының биіктігі – он тоғыз метр. Күмбездің астындағы бөлмелерде мешіттің бас имамы, мәзім, есепшілер және медреседе дәріс беретін діни ұстаздар отыратын болған. Үлкен дарбаза, қақпаның маңдайшалары әсем безендірілген, ою-өрнектерден және араб әріптерімен жазылған аяттардан тұрады.

Бас қақпадан бір-бірімен жалғаса жасалған бөлмелерде ерлер және қыздар медреселері болған. Қыздар медресесі кіші жұма мешітіне жалғасады. Бұл кіші жұма мешітінің ұзындығы -он бір, ал ені -бес метр. Жүз елудей адам сыяды. Мұнда күнделікті бес уақыт намаздар өтелген, Кіші мешіттің барлық жағы дәлізден тұрады. Мешіт дуалдар арқылы оңтүстік қақпаға ұласқан. Ал, ерлер медресесі солтүстік биік қақпамен жалғасады.

Үлкен жұма мешіті 1500-1600 адамға арналған. Он есіктен, жиырма терезеден және көтерме жолдан, яғни, азан шақыратын орынға апаратын баспалдақтан тұрады, Сондай-ақ, мұнда 122 тіреуіш бағана бар. Бұлар өте төзімді әрі биік сары қарағайдан жасалған. Олар Іле Алатауының биік шыңдарында әзірленіп, әбден тазаланып, күнге кептірілген. Одан кейін оларды құрылыс орнына әкелгеннен кейін желіммен тегістеп желімдеп, дәкемен орап тастаған. Сонан соң сыртын қаракөк сырмен қалыңдап сырлап, ұзақ жыл қызмет етуге лайықтаған.

Үлкен мешіттің есік терезелері, мінбер жақтаулары бастапқы қалпынан өзгертілмеген, өзінің ең алғашқы материалдарымен осы күнге дейін сақталып келеді.

Мешіттің жалпы аумағы - 28x54 метр. Ғимаратының биіктігі 14,5 метр, Мешіт 52 бағана тізбегімен айналдыра қоршалған. Арқалығы ағашқа түсірген әсем оймышпен нақышталған. Бұл бағаналардың құрылыс қаңқасын құруда әрі әсемдік көрік беруде мәні өте зор. Бағаналарды құрастыру барысында бірде-бір шеге қолданылмаған. Оларды қиып, қашап қиюластырған. Мұндағы керегеге түсірілген нақышты араб жазуларының өзі әсем өрнек міндетін атқарып тұр. Мешіттің ішіндегі безендірулерден қазақ халқының қошқар мүйіз оюларын да кездестіруге болады.

Мешіттің барлық жағы қыш дуалдармен қоршалып, ағаш шарбақпен биіктелген. Жалпы мешітке пайдаланылған қыш кірпіштер Қапшағай өңірінің таза құмдарынан таңдалып құйылып, сол жерде кептіріліп, дайындалып, Жаркентке жеткізілген.

Кеңес өкіметінің кереғар саясатының кесірінен бұл мешіт ғимараты кезінде кино залы, астық қоймасы, тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Дегенмен, жаркенттік жұртшылықтың табанды түрде талап етуі, оған сол кездегі Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғалым Тұрғанбаевтың мұрындық болуы нәтижесінде, ең бастысы - заманымыздың заңғар қайраткері, қазақтың қалаулы перзенті Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың қолдауымен осынау тарихи ғимарат халық игілігіне қайта берілді. Бұл - 1978 жылдың 24 наурызы болатын. Содан бері аталған нысан «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі болып, тарихи-танымдық қызмет атқарып келеді. Музейдің нағыз халықтық рухани рух сыйлайтын құндылық орнына айналуына алғашқы кездерінен бастап отыз жылдай басшылық қызмет жасаған жергілікті тарихшы-этнограф, жұрттық жөн-жоралғы мен ұлттық салт-дәстүрдің білгірі, нағыз ұлтжанды азамат марқұм Мәлік Рақымбекұлы Балғабаев зор еңбек сінірді. Одан кейінгі жылдары директор болған Қазақстан Республикасы Көркемсурет Академиясының корреспондент-мүшесі Ақан Оймауытов пен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Шәріпқан қажы Тұрғанов та көптеген игі істерге ұйытқы болды. Қазіргі басшы Әбдімұрат Раев та киелі орынның көпшіліктің жиі келетін тарихи-танымдық құндылығын арттыра түсу үшін құлшына қызмет етуде.

«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейіне жыл сайын жүздеген турист келіп, «Жетісудың жауһары» атанған осынау сәулет ескерткішін және ондағы тарихи жәлігерлерді қызыға тамашалайды. Музей төрт бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім «Сәулет өнерінің жауһары» деп аталады. Мұнда «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің жалпы макеті, музей тарихы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары туралы стендтер және май шамдар қойылған.

Екінші бөлімнің атауы -. «Үлкен мешіт залы». Бұл бөлімде ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің нағыз қайталанбас шеберлігін паш ететін құрылыс құндылығы бар сән-салтанатымен жарқырай көрінеді. Атап айтқанда, мешіт залы қабырғаларынан ою-өрнектер мен шебердің қолынан шыққан ағаштан жасалған «Мінберді», ескі араб-парсы тілдерінде жазылған құран сүрелерін, гүлдер мен жан-жануарлардың бейнелерін тамашалауға болады.


Үшінші бөлім - «Портал». Бас қақпаның үстінде «Мінәрет» орналасқан. Кіреберісі екі бөлмеден тұрады. Онда Қазақстанның әр аймағында орналасқан сәулет ескерткіштері: кесене, мазар, шіркеу макеттері, сонымен қатар жергілікті халықтан жиналған күміспен әшекейленген ерлер мен әйелдер белдіктері, зергерлік бұйымдар: білезік, сақина, жүзік, шашбау, қапсырма, сабақты түйме, алқа, зергердің құрал-жабдықтары сияқты экспонаттар қойылған.

«Қолөнер – мол өнер» деп аталатын төртінші бөлім қазақ халқы мен дүнген ұлтының тұрмысынан хабар беретін экспонаттардан құралған. Мұнда күміспен әшекейленген ат әбзелдері: ер-тоқым, құйысқан, тартпа, жүген, үзеңгіні көруге болады. Сондай-ақ, ХІІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі қыштан жасалған ыдыстарды және ХХ ғасырға тән мыстан істелген құмыралар жиынын тамашалауға мүмкіндік бар. ХІХ ғасырдағы самаурын мен ағаштан жасалған күбі, шара, астау, ожаулар да осында қойылған.

Негізі, дүнген ұлтының ерлері мен әйелдерінің ұлттық киімдерінің үлгісі ұқсас келеді. Олар желбегей киетін кеудеше, кең балақ шалбар, матамен қапталған аяқ киім киеді. Әйелдер киімі кестемен әшекейленеді. Аяқ киімдері де кестеленіп, ағашпен табандалып жасалады. Бұл бөлімде осы туралы да мол мағлұмат алуға болады. Мұндағы қолмен тоқылған гобелен, сандық, шырағдан қоюға арналған тұғыр, аяқ-қап, қоржын түрлері де көздің жауын алады.



Соңғы жаңалықтар