Жапонияда Қазақстандағы жоғары технологиялық жобалар таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан-Жапония іскерлік кеңесінің мүшелеріне және ірі жапондық компаниялардың өкілдеріне онлайн форматта жалпы сомасы 5 млрд АҚШ долларынан асатын Қазақстандағы бірқатар жүйе құраушы жобалар таныстырылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараны ҚР СІМ инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі аясында Жапонияның жаңа тәуелсіз мемлекеттерімен сауда жөніндегі қауымдастығымен (ROTOBO) тығыз ынтымақтастықта Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі және «Қазақ Инвест» АҚ ұйымдастырды.

Іскерлік кеңестің төрағасы, «Marubeni» корпорациясы Басқарма төрағасының орынбасары Ичиро Такахара іс-шараны аша отырып, короновирустық дағдарыстан табысты шығу үшін Қазақстан мен Жапония дәстүрлі салаларда ғана емес, цифрландыру, қаржы және жасыл экономиканы қоса алғанда, жаңа тауашаларда сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуі қажеттігін атап өтті.

Жобалар арасында электромобильдер мен батареялар өндірісін құру, сорғы жабдықтарын, құбыр арматурасын және асинхронды электр қозғалтқыштарын өндіру, роботтардың оқу-өндірістік кешенін, теміржол серіппелерін жасау желісін салу, тұрмыстық техника өндірісі, зағип және нашар көретін адамдарға арналған тифлотехникалық құралдарды әзірлеу және өндіру жөніндегі ғылыми-техникалық орталығы бар зауыт, мыс өндіру жөніндегі гидрометаллургиялық зауыт салу жөніндегі ұсыныстар қызығушылық тудырды.

Форумға «Marubeni», «Sumitomo», «Mitsui & Co», «Toyota Tsusho», «Komatsu», «Sojitz», «Toyota Engineering», «Nissin», «Yokogawa Electric» компанияларының, сондай-ақ «Mizuho Bank» және «MUFG Bank» қаржы корпорацияларының өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар