Жануарларға қатыгездік танытқандарға қандай жаза қолданылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елімізде жануарларға қатыгездік танытқандарды әкімшілік және құқықтық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасында жануардың өмірі, денсаулығы және жағдайы үшін иесінің жеке жауапкершілігі көзделген. Нақтырақ айтқанда, жануарларға қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ қатыгездікпен қарағандар әкімшілік жазаға тартылады. Ал жануардың өліміне әкеп соққан құқық бұзушылық үшін жаза 120-дан 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Мұндай қайталанған кезде айыппұл көлемі 1000 АЕК-ке дейін жетеді немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

«Ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. Мұндай көріністерге иттердің төбелесін өткізу, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды заңсыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау, жануарлардың еті мен майын пайдалану, сондай-ақ жеуге және өнім алуға арналмаған әрекеттер жатады»,- деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Әлия Шалабекованың сөзіне қарағанда, заң жобасының ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға, атап атқанда, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар» дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.


Соңғы жаңалықтар