Жансақтау бөлімінен шыға сала науқастарды емдеуге кірістім – ақтөбелік дәрігер Ерлан Тәтімов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов коронавирус пневмониясынан емдеу, сақтану жолдары мен оңалту жұмыстары туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Бұған дейін туберкулез диспансері болған емдеу орны провизорлық орталыққа айналды. Мұнда қанша адам ем қабылдады? Орталық бірінші толқынға дайын болды ма?

- 2020 жылдың 24-маусымы күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы науқастарды Темір, Мұғалжар аудандарына көшіріп, мұнда 500 кереуетті провизорлық орталық ашылды. Үш күннің ішінде біз 529 науқасты қабылдадық. Орталыққа коронавирус пневмониясына шалдыққан науқастар жеткізілді. Өзге емдеу орындарынан анестезиолог-реаниматолог, терапевт, фтизиатр мен орта буын мамандары шақырылды. Бұған дейін туберкулезге шалдыққандар саны азайып, мамандарымыз соңғы үш жылда рентгенология, пульмонология мамандығы бойынша төрт айлық курстан өткен болатын. Солардың бәрі 19-қыркүйекке дейін жұмыс істеді. Барлығы 1538 науқас емделді. Алғашқы кезде қабылдау бөліміне күш түсті. Өзім үш орынбасарымды ертіп, қабылдау бөлімінде жұмыс істедік. Өзге бөлімшедегі әр 20 кереуетке бір дәрігер, 2 орта, 2 кіші буын маманы болды. Эпидемологтар дәрігерлерлердің қорғаныш құралын пайдалану, дезинфекциялау жұмыстарын бақылады. Әр 3-4 сағат дайын бір реттік киім алмастырылды. Ал өңірдің белсенділері, еріктілер, жанашырлар екі мезгіл тамақ тасыды. Жансақтау бөлімінде орталықтандырылған оттегі жүйесі жұмыс істеді. Палатада мұндай мүмкіндік болмай, еріктілер оттегі баллондарын жеткізіп беріп отырды. Облыстық штаб та көмектесті. Баллондарды күндіз-түні төрт көлікпен жеткізді. Дәрі-дәрмекке келер болсақ, туберкулезден емдейтін орталықта үш жылдық қор жасақталған болатын. Коронавирус пневмониясынан емдеу кезінде сол антибиотик, антикоагулянттар қолданылды. Үш тілде сөйлейтін психолог мамандар да осы жерден табылды. Шетелдіктер ем қабылдағанда олар көмек көрсетті.

- Емдеу қиын болды ма?

- Емдеу кезінде еш қиындық болмады. Қиындықты адамдар қолдан жасады. Біріншіден, дәріханаға барып, коронавирустан емдейтін дәрі іздеді. Емханадағы әріптестеріміздің қателігі осы. Дәрі-дәрмек дәріханада емес, ауруханада болды деп жете түсіндіруі тиіс еді. Екіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық мамандар нұсқауын орындамады. Маска тақпады, той-садақаға барды. Үйде отыр деген ескертпені тыңдамады. Полиция подъездерді күзетті. Ал біз үйді ұмытып, жатақхананы паналадық.

- Коронавирус пневмониясына шалдыққан науқастарға шұғыл ота жасалды ма?

- Облыс бойынша барлық ота осы орталықта жасалды. Тек жүкті әйелдерді Ақтөбе медицина орталығы қабылдады. Барлығы 124 ота жасалды. Хирург бар. Тек ангиохирургтар келді. Облыс бойынша науқастардың 75 пайызы осы орталықта ем қабылдады.

- Қазір кімдер ем қабылдап жатыр?

- 2020 жылдың 19-қыркүйегінен кейін үш аптадай дайындық жұмысы жүргізілді. Жөндеу жасалды. Барлығы 12 дәрігер инфекционист мамандығы бойынша біліктілігін жетілдірді. Туберкулезден ем қабылдайтын науқастарды кері көшіруді жоспарлаған едік. Бірақ 70 кереуеттік инфекциялық емдеу орнын дайындау тапсырылды. Қазір 30-ға жуық адам ем қабылдап жатыр. Оның жетеуі жансақтау бөлімінде. Күніне 3-4 науқас жеткізіледі. Негізі ауырып, денсаулығына шағымданған адамдардың бәрі осында әкелінеді. Экспресс ПТР зертхана осы орталықта орналасқан. Небәрі 30 минутта диагноз қойылады. Жедел жәрдем жеткізген науқастан коронавирус инфекциясы анықталса, көлікпен инфекциялық ауруханаға жіберіледі.

- Өкпесі қабынған азаматтар емделіп, жазылған соң оларға оңалту шарасы қажет. Орталықта бұл бағытта қандай жұмыс атқарылады ?

- Коронавирус пневмониясынан жазылғандар денсаулығын нығайтады. Ғимараттың бір қабаты дайындалды. Онда 60 кереует бар. Ауданнан келгендер жатады, қалалықтар күндізгі стационарда ем қабылдайды. Коронавирус пневмониясына шалдыққандарға ауа жетпейді. Оттегіні жеткізу үшін тыныс жолдарының бәрін қалпына келтіру керек. Инголяция жасалады, фитошай ішеді.

- Пневмония кезінде өкпе қалай өзгереді?

- Пневмонияның екі түрі бар. Біріншіден, бактериалдық. Екіншісі, коронавирустық. Соңғысы адамды тез әлсіретеді. Екеуін ажырата білу нағыз маманның ісі. Біздегі терапевттер фтизиатр, рентгенолог, пульмонолог, инфекционист болып кетті. Талап осы.

- Коронавирус пневмониясы кімдер үшін аса қауіпті ?

- Егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Қант диабетіне шалдыққан адамдарды да емдеу қиынға соқты. Гемодиализге таңылғандар мен жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар үшін ем ұзаққа созылады.

- Сіз де пневмонияға шалдығып, ем қабылдадыңыз. Неше күн емделдіңіз?

- Мен жансақтау бөлімінде жаттым. Кейін жалпы бөлімшеге ауыстым. 2020 жылдың 17 маусымы күні ауруханаға түсіп, 3-шілде күні жұмысқа қайта шықтым. Үйге барсам, 28 күн бойы жатар едім. Үйге бармадым, өзге әріптестеріммен бірге науқастарды қабылдай бастадым. Ауқаттанып, далада тынығып, науқастардың жанында жүрдім. Оңалту жұмысы коронавирустық инфекцияға шалдыққан адамдар арасында өтті. Науқас көзіне жас алса, әлсіресе, өзімді көрсетемін. Басын көтеріп, қатарға қостық. Жұмыс істесең, қозғалсаң, қатарға қосыласың. Алғашында екінші қабатқа ғана көтеріліп, ентігіп қалдым. Бірер күннен соң телеарна арқылы тікелей эфирге де шықтым. Өзімді батырмын деп санамаймын. Тек өзім үлгі болуды мақсат еттім. Фтизиопульмонологиялық орталықтағы провизорлық орталықта барлығы 15 қызметкер ауырды. Қорқып, жұмыстан бас тартқан қызметкер болмады, олар «жасыл» және «қызыл» аймаққа бөлінді. «Жасыл» аймақта дәрігер тынықты, «қызыл» аймақта науқастарға ем жүргізді. Дәрігер үнемі науқастың жанында болса, бір ғана ауысымға жарайды. Кіріп, шығып, тынықса, өзін де, өзгені де аман алып қалады. Орталықта барлығы 304 камера бар. Әр палата бақылауда. Бірақ мен ешкімді жазаламадым. Қызметкерді жазалауға болмайды. Оларды тек ынталандыру керек. Сонда жұмыс алға басады.

- Тойға, еске алу шараларына қатыспайсыз ба?

- Бармаймын. Өзімнің әкем де өткен жылы жазда коронавирус пневмониясынан көз жұмды. Дәл сол шақта өзім жансақтау бөлімінде болдым. Көпшілік көңілін онлайн білдірді.

- Бір науқасты емдеуге қанша қаржы жұмсалады?

- Науқас алғаш түскен күні 418 мың теңге жұмсалады. Бұл кезде нақты диагноз қою үшін түрлі аппараттар арқылы тексеріп, зертханалық сынама алынады. Кейін күніне 21 600 теңге жұмсалды.

- Пневмониядан қалай сақтануға болады?

- Ең бірінші су ішу керек. Күніне таңертең және кешке дене жаттығуын жасаған жөн. Өкпенің тыныс алу қабілеті кеңейеді. Сонымен бірге жаяу жүруді әдетке айналдырған абзал. Нақты мынадай дәрумен керек деп айта алмаймын. Қандай тамақ жегіңіз келсе, жеңіз. Диета қажет емес. Тек тамақты өлшеммен жеген дұрыс. Тәулігіне 400-500 гр жеміс-жидек, көкөніс тұтынған абзал. Мына дәруменді тұтыну өте пайдалы деп айта алмаймын. Кейде дәруменнің де ағзаға зияны болады. Өзім жұмысқа міндетті түрде жаяу келемін. Жұмыс пен үй арасы 2995 метр.

- Әңгімеңізге рахмет, ауырмаңыз.

АНЫҚТАМА: Ерлан Тәтімов 1966 жылы дүние келген. 1996 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдады. Хирург, нейрохирург, инфекционист, трансфузиолог, фтизиатр мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етті. Облыстық қан орталығының директоры, №2 қалалық емханасының бас дәрігері болды. Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы белсенді еңбегі үшін «Шапағат» медалін алған. Пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне берілген 2 миллион теңгеден бас тартты.


Соңғы жаңалықтар