Жәнібек Әлімханұлы WBO әлем чемпионы титулы үшін міндетті кандидат болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – WBO Дүниежүзілік бокс ұйымы америкалық чемпион Деметриус Андрадеге қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізіп, өз титулын қорғауды міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жоғарыда аталған міндетті жекпе-жек бойынша WBO тараптарға келіссөзді бастауға бұйрық етеді. Осы хабарлама жіберілгеннен кейін тараптарға келіссөз өткізуге және келісімге келуге 20 күн беріледі», - деп мәлімдеді WBO-дан.

Айта кетейік, бұл хат Деметриус Андраденің промоутері Эдди Хирнге және Жәнібек Әлімханұлының менеджері Боб Арумға арналған.

Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) соңғы айқасын 21 қарашада Лас-Вегаста өткізді. Ол франциялық Хассан Ндам Нжикамды (38-5, 21 КО) белгіленген 10 раундтың 8-інші раундында техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша қазақ боксшысы WBO Global чемпионы титулын қорғап қалды.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанды. Ал 2014 жылы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді. Кәсіпқой бокста 2016 жылдан бері сынға түсіп келеді. Он жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетті. Оның алтауы нокаутпен аяқталды.



Соңғы жаңалықтар