Жәнібек Әлімханұлы рингке қашан оралатынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таяуда жарақат алып, емделіп жатқан қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы рингке қашан оралатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында спортшы Instagram парақшасында жазды.

«Жарақатқа алаңдап, жанашырлық танытып, тілеулестігін білдіріп жатқан барша жанкүйерлерге ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер өте көпсіздер. Маған сенесіздер. Оны өте жақсы білемін. Қазір елдеміз. Жарақатты емдеуді бастап кеттік. Бел енді бұрынғыдан да мықты болады. Бұл жарақаттың қазір шыққаны дұрыс болды. Чемпиондық жекпе-жек алдында болса қиналып қалар едік. Бізге ненің қайырлы екенін Алла жақсы біледі» деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.

Боксшының айтуынша, ол мамыр айында рингке оралады.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының жарақат алғанын жазған болатынбыз.

Жәнібек Әлімханұлы Америкада жаттығып жатқан болатын. Ол орта салмақтағы WBO Global чемпионы. Соңғы жекпе-жегін қыркүйек айында өткізген.

Ол кезде аргентиналық боксшы Гонсало Корияны (16-4, 6 КО) екінші раундта нокаутқа түсірді.


Соңғы жаңалықтар