Жанболат Ділдәбеков: Президенттің дәрігерлер еңбегін бағалағаны - біз үшін зор мәртебе

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Президенттің дәрігерлер еңбегін бағалағаны - біз үшін үлкен мәртебе. Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас дәрігердің сөзінше, Мемлекет басшысының кешегі мәлімдемесі халықтың көкейіндегі көп сұраққа жауап берді.

«Төтенше жағдайда түрлі себеппен жұмыссыз қалған жастарды жұмыспен қамту, осы сәтте экономиканың құлдырамауы, халықтың банктер алдындағы берешектеріне жеңілдік жасау сияқты тапсырмалары - қазіргі таңдағы өте маңызды мәселелер болып тұр. Әсіресе, «Ең бастысы - халықтың саулығы» деп медицина мамандарының еңбегіне ерекше тоқталғаны қуантты», - дейді Жанболат Ділдәбеков.

Медицина маманы Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы сияқты басқа да ірі қалаларды карантинге жабу - өте орынды шешім болғанын айтады.

«Қазіргідей алмағайып кезеңде біз барлық сақтық шараларын жасауымыз керек. Осы орайда, мен барлық әріптестеріміздің жанкешті жұмыстары үшін алғысымды білдіріп, барлық отандастарымды осы бағытта жұмыла әрекет етуге шақырамын. Уақытша шектеулерге шыдамдылық танытып, қауіп үстінде еңбек етіп жатқан ақ халаттыларға қолдау көрсету керек», - деп түйіндеді сөзін қалалық аурухананың бас дәрігері.

Еске сала кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткен еді. Онда Президент дәрігерлерге алғыс айтты.

«Сіздерге шынайы алғысымды айтамын. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар