Жанар Айтжанова ДСҰ конференциясында пандемиядан кейінгі жаңа жаһандық сауда ережелері туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұрақты өкілі халықаралық бизнес қауымдастықты ДСҰ 12-ші министрлік конференциясының басымдықтары туралы хабардар етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова «Сауда мәселелері бойынша бизнеспен диалог» атты бейнеконференцияда ДСҰ-ның 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтетін 12-ші министрлік конференциясына (МК-12) Қазақстан төрағалығы барысындағы басымдықтарды таныстырды.

Іс-шараны ДСҰ Бас директоры Н. Оконджо-Ивеала ашты. Басқа спикерлер арасында Халықаралық сауда палатасының (ICC) төрағасы Аджай Банга, ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы Дасио Кастильо, «Бизнес-20 қауымдастық» (В20) төрағасы Эмма Марчегалия, сондай-ақ ДСҰ-ға мүше бірқатар елдердің делегация басшылары болды.

Н. Оконджо-Ивеала халықаралық бизнес қоғамдастықты МК-12-де маңызды нәтижелерге қолжеткізу, COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру, сауданың ашықтығын сақтау және реформалар арқылы сауда жүйесін нығайту мақсатында ДСҰ-мен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Елші Ж. Айтжанова бизнес өкілдерін МК-12 барысында нақты шешімдерді күтетін негізгі салалармен таныстырды. Сонын ішінде, COVID-19 пандемиясына қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар ретінде күтілетін көпжақты шешімдердің ішінде барлық елдер үшін вакциналар мен медициналық тауарларға еркін қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның Тұрақты өкілі маңызды медициналық тауарларды жеткізу және вакциналарға әділ қол жеткізудегі тізбекті қамтамасыз етудегі ДСҰ-ның ерекше маңзды рөлін атап өтті.

Балық аулауды субсидиялау жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтау МК-12-нің маңызды нәтижелерінің бірі болуы тиіс. Балық аулауды субсидиялау жөніндегі жаңа келісім БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 14.6-міндетіне қол жеткізуге ықпал ететін болады деп күтілуде.

Қазақстанның Тұрақты өкілінің пікірінше, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша азық-түлік көмегін қамтамасыз ету және БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы шеңберінде гуманитарлық мақсаттарына пайдаланылатын және сатып алынатын азық-түлік тауарларына экспорттық шектеулерді алып тастау арқылы әлемдік ауыл шаруашылығы нарығындағы сауда шектеулерін жою жөнінде шешімдер қабылданады деп күтілуде.

МК-12 күн тәртібіне ДСҰ-ның Апелляциялық органының проблемасын шешу және Дауларды шешу жөніндегі органның толыққанды қызметін қалпына келтіру мәселесін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Ж. Айтжанова пандемиядан кейін бизнестің қалпына келуіне көмектесетін маңызды көпжақты бастамаларды, атап айтқанда қызметтер нарығын ішкі реттеу, электрондық сауда және инвестицияларды көтермелеу мәселелері бойынша жаһандық сауданың жаңа ережелерін атап өтті.

Бейнеконференцияға 80-нен астам жеке компаниялардың және бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты, cонын ішінде: Еуропалық американдық сауда палатасы (AmCham EU), Австралиялық сауда-өнеркәсіп палатасы, Оңтүстік Африканың бизнес бірлігі, Еуропалық бизнес қауымдастығы «BusinessEurop», «Deloitte», «FedEx», «Google», «IKEA», «Mastercard», «Pfizer», «Walmart».


Соңғы жаңалықтар