Жаңаөзеннен Қостанайға көшетін 130 отбасын таба алмай отырмыз – Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңаөзеннің халқы солтүстік өңірлерге көшуге құлықсыз. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңаөзен қаласының мыңдаған халықты асырау, лайықты жалақымен қамтамасыз етуге шамасы жетпейтіні туралы уәждер бар. Қала тұрғындары солтүстік өңірлерге көшуге қалай қарайды? Арнайы бағдарлама жасап, тиімді жолдар ұсыну механизмдерін қарастырып жатырсыздар ма?», - деп сұрады журналист брифингіде.

«Негізі Жаңаөзен қаласы кезінде осы аттас кен орнының жанындағы вахталық кент ретінде ұйымдастырылған елді мекен болатын. Ол жерде жоспар бойынша Жаңаөзен кеніші мен маңындағы кен орындарын игеру үшін ары кетсе, 60-70 мың адам тұруы керек. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында, қасындағы елді мекендерде 160 мыңнан астам адам тұрады», -деді Нұрлан Ноғаев.

Айтуынша, қазір мұнда инфрақұрылымды, жылу, электр жарығын жеткізу мәселелері, әрине, біртіндеп шешіліп келе жатыр. Дегенмен, қаладағы халықтың бір бөлігін еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру мәселесі әлі де өзекті.

«Сіз айтқандай, еңбек қолы аздау жерлерге көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Өз тарапымнан осы мүмкіндікті пайдаланып, аталған мәселеге алаңдайтын азамат ретінде өзіңізден, ғалымдардан, сарапшылардан ұтымды ұсыныстар түсіп жатса, қарауға әзір екенімді айтқым келеді.

Солтүстікке көшкісі келетін азаматтардың кәдімгідей нөпірі бар деп айта алмаймын. Себебі Жаңаөзенде табиғат жылы. Ол жердегі тұрмыстық жағдай, кейбіреулерінің жалақысы аз болғанымен ағайын-туыспен топтасып тұруды әдетке айналдырған адамдар көп. Жаңаөзендегі 160 мың адамның 80 пайызы елімізге келген қандастардан құралған. Менің ойымша, психологиялық сенім болу үшін және бұрын көшіп келген мемлекеттерінде топтасып өмір сүруге бейімделіп қалғандықтан бір-біріне қолдау боламыз деген түсінікпен алысқа ажырап кеткісі келмейтін сияқты», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол қазір жаңаөзендіктерді өзге өңірлерге көшіру жұмыстарына қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдар айналысып жатқанын атады.

«Бұл бір күндік шаруа емес. Мысалы, Жаңаөзенде бір кәсіпкер Қостанай облысындағы 30 елді мекенге 130 отбасы көшіріп апарғысы келетінін айтып, ұсыныс қойды. Сол жақта жері бар екен. «Алдыларына мал салып берейін. 7 жылға дейін ешқандай қайтарым талап етпеймін. Үй берейін, сол жерде тұрып жұмыс істесін» деген шартын қойды. Сол 100 адамды таба алмай отырмыз.

Солтүстікке көшіру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама кезінде Маңғыстауды да қамтыды. Ол жерге барған азаматтардың біразы қалып, біразы кері қайтты. Ауа райының қолайсыздығы, қыстың суықтығы, газдың жоқ болуы жақпаған», - дейді аймақ басшысы.

Еске салсақ, кеше ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына Маңғыстау облысындағы еңбек даулары туралы сауал жолдадған еді.



Соңғы жаңалықтар