Жаңа жылдан бері 5 мыңға жуық атыраулық коронавирусқа шалдықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жаңа жылдан бері 5 мыңға жуық атыраулық коронавирусқа шалдықты. Енді өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың өрбуі вакцина алу мен ревакцинацияға тікелей байланысты болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық Эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Әсел Мұқаеваның айтуынша, былтырғы желтоқсан айында аптасына 30-40 науқас тіркелген.

«Қазір Атырау қаласында тәулігіне 400-ге жуық адамнан қауіпті вирус белгісі анықталып отыр. Науқастардың күрт көбеюіне байланысты карантиндік шараларды күшейту қажет. Өйткені, 2021 жылы облыста коронавирус инфекциясын 23 238 адам жұқтырды. Ал, биылығы қаңтар басталғалы бері 5 мыңға жуық науқас тіркелді. Талдау көрсеткендей, қаңтардың алғашқы аптасында 59, екінші аптада 130, үшінші аптада 1 мың 936 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Ал соңғы аптадағы статистикаға сүйенсек, науқастар саны 2 мың 448-ге жетті», -дейді Әсел Мұқаева.

Оның мәліметінше, облыстық аурухананың жұқпалы аурлар бөлімінде 200-ден астам науқас ем қабылдап жатыр.

«Науқастардың арасында 76 жүкті әйел бар. Жансақтау бөлімінде 20 науқас оқшауландырылған. Жағдайы өте ауыр 4 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деп мәлім етті Әсел Мұқаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Қызыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны азаймай тұрғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар