Жаңа жәрдемақы: Министр деректер базасы қалай жасалатынын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдан төленетін жаңа жәрдемақы алушылар проактивті әдіспен тіркелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпбалалы отбасыларға жәрдемақының жаңа түрі алдығы жылы қаңтар айынан бастап төленеді. Осы бағыттағы барлық қажетті шаралар жүргізілді, яғни көпбалалы аналардың 80 пайызына бұл жәрдемақы проактивті әдіспен тағайындалады. Олар халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруға міндетті емес», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, проактивті режім аясында көпбалалы отбасылар бойынша барлық мәлімет ақпараттық жүйеде қамтылған.

«Жаңа жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы 347 мың отбасыға тиесілі болады, оның ішінде 245-246 мыңы бұған дейін осы тектес жәрдемақы алған болатын. Сәйкесінше, бұл отбасылар бойынша бізде толық мәлімет бар. Сондықтан олар қайтадан өтінім жазып, құжат толтырмайды. Ал қалған 103 мыңы бойынша мәлімет ақпараттық жүйеде шоғырланған. Өздеріңіз білесіздер, бала туған кезде ол жайында деректер тиісті жүйеде тіркеледі. Егер де қандай да бір сұрақтар туындаса, онда орталық азаматтарды өздері шақыртып, мәліметтерді нақтылайды. Сондықтан 2020 жылдан бастап барша 347 мың отбасы өздерінің жәрдемақысын алады», - деді Б. Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар