Жаңа заң митинг өткізу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі - Зарема Шәукенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң демократия мәдениеті мен стандарттарына сәйкес митинг өткізу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық сұхбат - тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында митингілер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Президент «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады», деген еді.

Бейбіт жиналыстар бостандығының кепілдігі ҚР Конституциясының 32-бабында бекітілген: «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін», - деп атап өтті институт басшысы.

Елімізде бүгінгі күнге дейін мұндай іс-шараларды өткізу «ҚР бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңмен реттеліп келген.

Сонымен қатар, Қазақстанда соңғы жылдары бейбіт митингілерді өткізуді реттейтін заңға өзгерістер енгізу мәселелері белсенді түрде көтерілді. 1995 жылғы заң ескірген және енді қоғамның қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеді. Сарапшылардың пікірінше, бұрынғы заңда негізсіз шектеулер орнатылып, жергілікті атқарушы органдарға өтініштерді еркін түсінуге және бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға кең өкілеттік берілді. Сондай-ақ, алдыңғы заңның басты кемшілігі «жиналыс», «демонстрация», «шеру», «митинг», «пикет» ұғымдарының нақты түсіндірмелерінің болмауында еді, яғни азаматтардың белгілі-бір жиналысы мен шараларын заңсыз жиналыс немесе пикет деп тануға мүмкіндік бергендігі айтылды», - дейді З. Шәукенова.

Сарапшылар жергілікті атқарушы органдардың жиналыстар өткізуге рұқсат еткен орындары, әдетте, елді мекеннің шетінде орналасқанын атап өтті. Жиналыстар қала орталығынан алыстау болғандықтан олар көпшілік көзінен тыс қалды және жиналыс ұйымдастырушылар мен қатысушылар көңілін аударғысы келетіндердің де назарын аударуға мүмкіндік бермеді, бұл митингке шыққандардың наразылығын күшейтті.

«Заңда қатысушылар мен оқиға болған жерден өтіп бара жатқан адамдар, сондай-ақ байқаушылар: журналистер, құқық қорғаушылар және басқаларға қатысты олардың акцияның заңсыздығы үшін жауапқа тарту тұрғысынан ешқандай айырмашылық болған жоқ. Іс жүзінде кейбір жағдайларда журналистер мен кездейсоқ бақылаушылар жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 1995 жылғы заңнамада мемлекеттік органдарды, ең алдымен құқық қорғау органдарын азаматтардың бейбіт жиналыстарға құқығын жүзеге асыруда көмек көрсетуге және заңды бейбіт жиналыстың қатысушыларын қорғауға міндеттейтін ережелер жоқ», - деді спикер.

Жаңа заңды дайындауға азаматтық белсенділер, сарапшылар, ҚҰСК мүшелері қатысты. Заң Парламентте бірнеше талқылаулардан өтті, Сенат бірқатар түзету енгізіп, оны Мәжілістің қарауына қайта жіберді. Осылайша, ескі заңнаманың барлық кемшіліктері мұқият талданып, қайта қаралды, жаңа жағдайлар мен уақыт талабы ескерілді.

«Президент қол қойған «Бейбіт жиналыстар туралы» заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асырудын мысалы болды, өйткені осы Заңның қабылдануымен билік пен қоғам арасындағы байланыс арнасы кеңейіп келеді. Кез келген наразылық шарасы - билік үшін қоғамдағы көңіл-күйді білдіретін, проблемалық мәселелерді, халықтың белгілі бір топтарының және жеке азаматтардың өтініштерін білдіретін қазақстандықтардың белсенді бөлігінен кері байланыс алу әдісі болып саналады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң қоғамдық шараларды өткізуді құқықтық реттеуді ырықтандыруды білдіреді және демократия мәдениеті мен стандарттарына сәйкес митинг мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар