Жаңа Үкіметке қандай міндеттер жүктеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен, бүгін Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс екенін айтқан еді.

Соның ішінде утильдік алым мөлшерлемесін қайта қарап, «Оператор РОП» компаниясының қызметін тоқтату туралы тапсырмасы әлеуметтік желіде көп талқыланып жатыр.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауын әкімшілендіруді тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», - деді Президент.

Президент бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керектігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ЛРТ – «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» екенін атап, оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтып өтті.

Сондай-ақ, Үкіметке Ұлттық банкпен және Атамекен палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.

Жаңа Үкіметтің алдында Оңтүстік және Батыс өңірлерді дамытуға арналған бағдарлама жасау міндеті тұр.

Басшысы ауысқан Қаржы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен бірлесіп «Самұрық-Қазына» ережелері мен рәсімдерін қадағалау тапсырылды.

Президент Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді және Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Квазимемлекеттік сектордың сатып алуы саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кеткенін сынға алып, картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсыратынын айтты.

Полицейлердің құқығын қорғау деңгейін көтеру, әскердің даярлығын арттыру, шекаралық қызмет құзыретін қайта қарау, қорғаныс күштері органдарының қызметін жетілдіру сияқты тапсырмалар да жүктелді.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында аталған кандидатура Үкімет басшысы лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысы Әлихан Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері мақұлдаған Үкіметтің жаңа құрамы мынадай:

Жаңа лауазымға ие болғандар:

Роман Скляр – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары;

Бақыт Сұлтанов – Премьер-Министрдің орынбасары;

Асқар Умаров – Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

Қайырбек Өскебаев – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;

Қанат Мусин – Әділет министрі;

Мұрат Жүребеков – Энергетика министрі;

Дәурен Абаев – Мәдениет және спорт министрі;

Ажар Ғиният – Денсаулық сақтау министрі;

Энергетика министрі – Болат Ақшолақов.

Ұлттық экономика министрі – Әлібек Қуантыровтың кандидатурасы ұсынылып, Мәжіліс мақұлдауынан өтті.

Сонымен қатар, Мұхтар Тілеуберді Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі, Ералы Тоғжанов Премьер-Министрдің орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы, Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі, Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі, Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі, Бағдат Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі, Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі, Серікқали Брекешев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі лауазымында қалған.


Соңғы жаңалықтар