Жаңа салынған үйлердің энергия тиімділігін бақылайтын орган жоқ - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов жаңа салынған үйлердің жобасындағы энергия тиімділік жөніндегі стандарттары іс жүзінде қалай сақталғанын тексерілмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мәжіліс өкілі «Қазақстанда энергия тиімділікті арттыру» жобасын қорытындылаған салтанатты шарадан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.

«Біріншіден, елдегі тұрғын үй қорының ахуалын қарауымыз керек. Біздегі тұрғын үй қорының негізі Кеңес заманында қалыптасты. Ол кезде энергия тиімділік сияқты маңызды талаптар іс жүзінде сақталмағанын бәріміз білеміз. Яғни, сол кезде көптеп салынған панельді үйлерде энергия мүлде тиімсіз тұтынылады. Мысал келтірейін, Қазақстандағы үйлердің энергия тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша, 1 шаршы метр баспана жылына 220 КВт/сағ жылу энергиясын тұтынады. Ал Германияда бұл көрсеткіш - 100 КВт/сағ. Яғни, екі есе айырмашылық бар. Сондықтан қазір елімізде теромодернизация, ескі үйлерді жылылау мәселесі бірінші орынға шығып отыр», - деді Елдос Абақанов.

Оның айтуынша, қазір елдегі қалалардың бәріне ауылдан жұрт ағылып жатқандықтан, электр мен жылу энергиясының тапшылығы сезіле бастаған.

«Осындай жағдайда ескі тұрғын үй алаңдарының энергия тиімділігін арттыру маңызды. Сонда жаңа салынатын нысандарға артылған энергияны босатар едік. Ал жаңадан салынаты үйлерге қазір заңнама деңгейінде нақты талаптар бекітілген. Бұл мәселені Мәжілісте талдаған кезде мынадай мәселе көтердік. Жобалау кезінде энергиятиімділік талаптары көрсетілетіні жақсы. Бірақ жоба іске асқаннан кейін оған енгізілген талаптар қаншалықты сақталғанын кім бақылайды? Әзірге бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Біз ұсыныспен шықтық. Қазір жұмыс істеп жатырмыз. Ол Үкімет қаулысы бола ма, министрліктің бұйрығы бола ма, оны әлі талқылаймыз. Сонда ғана энергиятиімділік бойынша қойылатын талап қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де сақталатын еді. Яғни, жобада қымбат терезе көрсетіп, іс жүзінде арзанын орната салатын жайттарды болдырмауымыз керек», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол елордадағы «Будапешт», «Family Village» сияқты автономды инфрақұрылымға жалғанған нысандардың проблемасын депуататтық сауал ретінде жолдап, министрлік деңгейінде көтеруге дайын екенін айтты.



Соңғы жаңалықтар