Жаңа мемлекеттік биокомбинат керек - Мұхтар Жұмағазиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Мұхтар Жұмағазиев ветеринариялық препараттарды сатып алуға жұмсалатын бюджет қаржысы шетелдік өндірушілерге кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік биологиялық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы препараттарды өндіретін мемлекеттік биокомбинаттың (биофабриканың) болмауы себебінен жыл сайын қажетті ветеринариялық мақсаттағы вакциналар мен дәрі-дәрмектерді Ресей, Чехия және Беларусь сынды елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Соңғы үж жылды алатын болсақ, республика бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды сатып алуға республикалық бюджеттен 18,3 миллиард теңге бөлінген. Оның 12,8 миллиард немесе 70 пайызы шетелге кетіп жатыр», -деді М. Жұмағазин Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, Агрөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы халықаралық стандарттарға сай сертификацияланған ветеринариялық препараттардың үлесі иммунопрофилактикалық шаралар бойынша 70 пайыздан, ал диагностикалық тексерулер бойынша 80 пайыздан кем болмауы тиіс.

«Сондықтан, елімізде тіркелген жануарлардың жұқпалы ауруларына қарсы ветеринариялық вакциналар мен биологиялық препараттарды өндіру негізінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық ғалымдардың өндіріспен байланысын нығайту мақсатында мемлекеттік биокомбинат/биофабрика болуы қажет деп санаймыз. Осы маңызды әрі күрделі сұрақты шешу үшін «жоқтан бар жасау» қажет емес. Ветеринария саласында елеулі жетістіктерге жеткен, вакциналарды әзірлеп, ғылыми зерттемелерді енгізіп жүрген отандық ғылыми-зерттеу ұйымдарын негізге алуға болады. Мысалы, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты және Қазақ ұлттық аграрлық университеті. Бұл жағдайда ғалымдар әзірлеген биопрепараттардың тәжірибелік үлгілерінің желісін құруға немесе институт базасында авторлардың бақылауымен жануарлардың ауруларына қарсы әдістер мен жаңа препараттардың өндірісін ұйымдастырар еді. Алайда қазіргі уақытта аталған ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жоғарғы өнімділік пен ірі ауқымды дәрі-дәрмек шығаруға бейімделмеген», - деді сенатор.

Бүгінгі күні ветеринариялық препараттардың әлемдік өндірісінің жиынтық көлемі 35 миллиард долларға бағаланады.

Оның айтуынша, осы саланы жүйелі түрде дамыту арқылы ішкі нарықты отандық препараттармен қамтамасыз етуге болады.

«Сонымен қатар, өзге елдерден экспортталған немесе елімізде өндірілген ветеринариялық препараттардың тиімділігі жеткіліксіз болуы мүмкін және оларды бақылаусыз қолдануы кейбір аурулардың эпизоотиялық ошақтарының пайда болу қауіпі бар. Осыған байланысты елімізде биопрепараттардың сапасын бақылау бойынша тапсырыс берушіден де, өндірушіден де, тұтынушыдан да тәуелсіз мемлекеттік ғылыми-бақылау ұйымын құру қажет деп санаймыз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар