Жаңа Қазақстандағы мемқызметшінің болмысы қандай болуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы» атты ашық форматта пікір алмасу өтті.

Іс-шара мақсаты – Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жолында мемлекеттік қызметшінің болмысын талқылау, түсіну.

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Назиля Раззак, Берік Бекжанов, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Хабар Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Еуропалық құқықтар және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Қанаев, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, «KAZGUU» басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, «Academy of Labour Relations» ЖШС бас директоры Бибігүл Нұрашева, журналистер Денис Кривошеев, Қанат Әуесбай, Әділ Жалилов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының ғылыми консультанты Қаламқас Есімова, «KAZGUU» бизнес-мектебінің директоры Алина Абдрахманова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр, Жоғары көлік және коммуникация колледжі директоры Зулфухар Гаипов қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев кездесудің маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік қызмет ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің алдындағы адамшылық миссиясы – елге қызмет ету. Бұл - зор мәртебе. Санада осындай түсініктерді орнықтырған кезде ғана адал ниетті, әділ, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады. Керсінше жағдайда ел үшін емес, жеке бас үшін қызмет жасау басты мақсатқа айналады. Сондықтан басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет. Мемлекеттік қызметшіге азаматтық сана, елдік сана, мемлекетшілдік сана басты құндылық болуы тиіс», - деді ол.

Сарапшылар мемлекеттік қызметшінің халыққа адал әрі кәсіби қызмет көрсетуі, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, БАҚ тарапынан қолдау арқылы мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оқыту бағдарламаларына тарихи тұлғалардың өнегесін енгізу туралы сөз қозғады.

Кездесуде мемлекеттік қызметшінінің халық алдында ашық болуы, қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өзгелерге үлгі болу керектігі айтылды.

Кездесу барысында сарапшылар өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік қызметшінің болмысына қатысты пікірлермен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар