Жаңа Қазақстан, ықпалды Парламент, жаңа облыстар − Президенттің 2022 жылғы бастамалары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басында Қазақстанда жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер болып, еліміз елеулі сын-қатерге тап болған еді. Мемлекет басшысы барлық сұхбаттары мен Жолдауында түбегейлі реформаларды бастама етіп көтерді. ҚазАқпарат агенттігі оқырмандарға Президенттің биылғы маңызды реформаларын ұсынады.

Қаңтар оқиғасы, Үкімет пен күштік құрылымдардың жаңаруы

Барыс жылы сұйытылған газ бағасын арзандату туралы митингілермен басталды және әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптарға ұласты. Нәтижесінде мемлекет Үкіметті отставкаға жіберді және автогаз бағасын бұрынғы деңгейде қалдырды.

Дегенмен Президент мұны деструктивті күштердің тұрақтылықты бұзуға, тәртіпсіздікке жол ашуға пайдаланғанын айтты және ҰҚШҰ бітімгерлік күштерін шақыруды ұйғарды.

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», - деп атап өтті Президент 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында.

Президент қоғамның біртұтастығы жүйелі түрде шайқалып келген, оның ішінде наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлер қолданылғанын айтты.

«Осы аралықта халықтың автогаз бағасының қымбаттауына наразылығы құрал ретінде қолданылып кетті. Одан кейінгі оқиғалар спираль секілді жалғасты. Бірінші орамда – бірқатар өңірде, дәлірек айтқанда Жаңаөзенде митингтер өтті. Екінші орамда – бандиттер мен мародерлер қосылды. Әрі қарай қарулы террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың қатысуымен қызу кезеңі басталды. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түптің түбінде билікті басып алу. Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды», - деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қарулы күштер мен құқық қорғау құрылымдарының жұмысын қайта құруды тапсырды.

«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсат – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғау үшін жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Мұны мемлекетіміздің түбегейлі мүддесі талап етеді», - деді Қазақстан Президенті.

Президент Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы атанды

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Онда Президент ретінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға міндетті екенін және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет ететінін айтты.

«Президент ретінде, мен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, Қазақстанның тұтастығына алаңдауға міндеттімін. Менің қабылдаған шараларым көпұлтты Қазақстанның игілігіне бағытталған. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болып тұр. Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті. Сондықтан Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім», - деді Президент өз үндеуінде.

29 қаңтарда «Хабар» арнасына берген сұхбатында Қ. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы жөнінде былай баяндады:

«Тұңғыш Президентпен (Н. Назарбаев – ред.) ешқандай саудаластық болған жоқ, жеке басымдықтары туралы да сөз болмады. Жалғыз әңгіме – Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мәртебесі мәселесін тез арада шешу қажет болды. Жасырары жоқ, жағдай күрделенген сәтте халыққа үндеу жасаймын, осы сәттен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы өзім болатынымды жариялаймын деген мәселені ашық көтердім. Бұл мәселе сол сәтте-ақ шешілді», - деді Президент.

«Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы жарияланды

11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында Президент «Жаңа Қазақстанды» құру идеясын алғаш рет айтты.

«Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Еңді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл - шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік. Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», - деді Мемлекет басшысы.

Кейінірек Қ. Тоқаев 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жаңа Қазақстан» саясатының басым бағыттарын атады.

«Жаңа Қазақстанды» құру үшін әділ әрі түсінікті мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат санасыз шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді. Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік жасайтын да осы саясат. Әркім Қазақстанның болашағына жауапты екенін сезініп, ортақ іске үлесін қосуы керек. Жұрт мемлекеттен ашық әрі түсінікті саясат жүргізуді талап етеді. Осы талапқа сай болуымыз қажет», - деді Президент.

«Қазақстан халқына» қоры құрылды

Президент 11 қаңтардағы сөзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылатынын және онда қай санатқа көмек көрсетілетінін айтты.

«Қазақстан — Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 проценттен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі», - деді Мемлекет басшысы.

Мысалы осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетіледі. Мәдениетке, Алматы қаласын қалпына келтіруге, қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіледі.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы аталған қорға Қазақстандағы өте бай адамдардың көмектесуі қажет екенін баса айтты.

«Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса, үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін», - деді Қ. Тоқаев.

Сәуір айында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 126 млрд теңге қаржы түскен. Бұл қор Қаңтар оқиғаларында мерт болған полицейлердің, әскерилердің және 13 азаматтың отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер жіберді. Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры мүгедектігі бар және науқас балаларға көмек көрсетуде.

Утиль алымы 50 пайызға төмендеді

Мәжілістегі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев утильдік алым ставкаларын қайта қарауды тапсырды.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «ӨКМ операторы» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауын әкімшілендіруді тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», - деді Президент.

19 қаңтар күні «ӨКМ операторы» ЖШС-не утилизациялық алым жинауға тыйым салынды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді.

Бұдан былай кәдеге жарату алымын жинап, үйлестіру «Жасыл даму» акционерлік қоғамының құзырында болады.

Ал, қаңтардың соңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды. Оларға көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеп, кәсіпорынның 20 млрд теңгеден астам қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Ақпан айында автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымы 50 пайызға төмендетілді.

14 мамырда ҚР Бас прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ӨКМ операторының қаражатын автонесие мен әлеуметтік жобаларға жіберді.

17 мамырда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды.

Nur Otan партиясы AMANAT болып өзгерді

«Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен AMANAT деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - деді Мемлекет басшысы 1 наурызда өткен партия съезінде.

Бұл ретте Президент партия ребрендингі оның атауы мен жазылуын өзгертуді ғана білдірмейтінін, бірінші кезекте барша партиялық жұмысты қайта құру керегін жеткізді.

«Ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс. Оның мақсаты – жалпы партиялық векторды құру, әдістемелік әрі идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелі проблемаларды талдау. Партияға сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастың жаңа мәдениеті керек», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен бірге, съезд барысында «ADAL» саяси партиясының «AMANAT» партиясына қосылуы мақұлданды.

Президент партия төрағалығынан кетті

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы AMANAT партиясының съезінде.

Ал 16 наурыздағы халыққа Жолдауында Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде рәсімдеуді ұсынды.

«Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн», - деді Президент.

Президенттің жақын туыстары лауазымды қызмет атқара алмайды

Қазақстанда Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңды түрде тыйым салынады.

«Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз айындағы халыққа Жолдауында.

Сонымен бірге, Президент елде Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруды ұсынды.

«Екінші мәселе – өкілді билік тармағын қайта құру. Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстанда Парламенттің ықпалы күшейеді

«Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият жасауымыз керек. Бұл жерде басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз», - деді Президент халыққа Жолдауында.

Президент сайлаудың пропорционалды-мажоритарлы үлгісі туралы айтып берді.

«Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады», - деді ол.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Сенаттағы президенттік квота санын азайту керегін мәлімдеді.

«Ең алдымен Сенатты жасақтау тәртібі мен оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. Президент Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырғаны жөн. Осы орайда Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Партияларды тіркеу оңай болады

«Партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды», -деді Президент.

Оның айтуына қарағанда, бұл - қабілетті саяси партиялардың пайда болуына мүмкіндік беретін қадам.

«Құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта Әділет министрлігінің қарауында 4 жаңа партияның құжаты жатыр. Олар – « Халық дербесті», «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек».

Осыдан бір ай бұрын Қазақстан құрылысшылар одағы «Еңбек» партиясын құратынын жариялаған еді. Ал кеше белгілі қазақстандық саяси қайраткер және бизнесмен Болат Әбілов Bizdin Tandau партиясын құратынын мәлімдеді.

Жаңа облыстар құрылды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын, Семей аймағында Абай облысын және Алматы облысынан Жетісудың бөлініп шығатынын жариялады.

«Жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының ерекше мәні бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», - деді Президент.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Қапшағайға Дінмұхаммед Қонаевтың атын беруді ұсынды.

«Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса осы бастамаларда таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конституцияның үштен бірі өзгереді, референдум өтеді

29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.

«Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл - қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», - деді ҚР Президенті.

5 мамырдағы бейнеүндеуінде Қ. Тоқаев Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту екенін атап өтті.

«Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді», - деді Мемлекет басшысы.

5 маусымда өтетін республикалық референдумда Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесі шығарылады.

«Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Референдумға қатысатын өңір азаматтарының кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе, онда шешім қабылданады. Яғни, елдегі 17 өңірдің 11-індегі халық жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі.






Соңғы жаңалықтар