Жаңа қала: Петропавлда реновациялық бағдарлама аясында шағынаудандар жаңарып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Жаңа қала» реновациялық бағдарамасы аясында жеке сектордағы ескі үйлер сырылып, орнына жаңа, көпқабатты ғимараттар бой түзеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында Петропавлдағы оң өзгерісті көрсететін бейнероликті жариялады.

2017 жылы облыс орталығына кіре берісте негізінен жекеменшік, жартылай жерге кірген ескі үйлер тұрса, 4 жылдың ішінде қаланың бұл ауданы танымастай өзгерді.

«4 жылдың ішінде облыс орталығында жаңа «Жас Өркен» ықшам ауданы бой көтерді. Заманауи қаланың басты талаптарына сай келетін ауданды жинақы қылып салып жатырмыз. Мысалы, «Жас Өркенде» 200-ден астам ескі жеке үйлердің орнына 2400 пәтер салынып, бой көтеріп жатыр», - дейді Құмар Ақсақалов.

Бұл өзгерістің ең алдымен қалалықтарға пайдасы зор. ⠀

«Біріншіден, жеке сектор тұрғындары жайлы пәтерлерге ие болды. Екіншіден, қаладағы жақсы ауданнан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі көбейді. Үшіншіден, қалаға астанамыз жағынан кіреберіс өзгеріп жатыр.

Тозығы жеткен жеке үйлердің орнына Жамбыл, Горький және Парк көшелерінің бойында зәулім үйлер бой көтеруде. Жаңа мектеп салынды, көп қабатты үйлердің бірінші қабаттарында 2 шағын орталық ашылды. Қол созым жерде Оқушылар сарайы, теннис орталығы мен спорт сарайы орналасқан. Парк көшесінде жаңа емхананың құрылысын бастаймыз. Бір сөзбен айтқанда, «Жаңа қала» реновация бағдарламасы аясында бұл ықшам ауданның құрылысы жалғасады», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар