ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Жаңа технология, білікті маман және тың өндіріс өз жемісін беруде - Орал қаласының әкімі А.Көлгінов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңа индустрияландыруға байланысты Орал қаласында да тың жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылуда. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен сұхбаттасқан еді.

- Жалпы, кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін алдымен оның экономикалық көрсеткіштері айқындайды, деді Алтай Сейдірұлы. Ал экономиканың өркендеуі индустриалды-инновациялық дамумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған индустрияландыру жөніндегі кешенді бағдарлама тек жерасты қазба байлықтарына иек артып қана қоймай, өңдеу, өндіру саласын жетілдіруді, шикізаттық емес секторды дамытуды көздейді. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар жаңа технологияларды енгізіп, білікті мамандар даярлап, өндіріс тиімділігін арттырғанда ғана өзінің нақты жемісін бермек. Сонда ғана еңбек өнімділігін ұлғайтуға қол жетпек.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының нақты нәтижесіне қазірдің өзінде қол жеткізе бастадық десек, артық емес. Мысалы, 2010-2014 жылдардың қорытындысы бойынша Орал қаласында жалпы сомасы 10 млрд. 929 млн. теңге болатын 22 жоба жүзеге асып, 966 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы 22 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 5 198 682,3 мың теңге көлемінде салық түссе, оның ішінде 1 444 966 мың теңге салық жергілікті қазынаға аударылды. Соның ішінде 734 млн. 424 мың теңге салық осы жылдың алғашқы жартысына тиесілі. Қалада 5 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 68,5 млрд. теңгеден 106,3 млрд. теңгеге, яғни 34 пайызға өсті. Бұл жобалар құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылды. Күні бүгін индустрияландыру картасы аясында Орал қаласы бойынша жалпы құны 11 млрд. 688 млн. теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 1051 жұмыс орны ашылды.

- Екінші бесжылдық елімізге, соның ішінде Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Орал қаласына не береді деп ойлайсыз?

- Елбасымыздың тікелей бастамасымен қолға алынған, әрі жіті бақылауында тұрған индустриалды-инновациялық саясаттың негізгі мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартып, инновациялық технологияларды енгізу арқылы экономиканың серпінді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету екені белгілі. Біз де осы тұрғыдан өз мүмкіндіктерімізді саралап, облыс орталығының өндірістік әлеуеті мен географиялық орналасу ерекшеліктерін ескере отырып, жасалған жоспарымызды жүзеге асырудамыз.

Жалпы, Орал қаласы өңірдің стратегиялық тірек аумағы болып табылады, мұнда негізгі өндірістік, сервистік, демографиялық, кадрлық және инновациялық күш шоғырланған. Аймақтық бәсекеге қабілеттіліктің аталған факторлары қаланы халықтың орналасуының стратегиялық элементінің басты тірегі және Батыс Қазақстанның өндірістік қуатын орналастыру орны ретінде айқындауға мүмкіндік береді. Өңірлердің бәсекеге қабілеттілік рейтингінде қала экономикасы инновацияға бағдарлы болып сипатталады. Қала халқының саны 2004 жылдан бері 10 жыл ішінле 24,5 пайызға артып, 2014 жылдың аяғында 283,3 мың адамды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 350 мыңға жетпек.

Алдағы бесжылдықта қала бойынша басты бағыт индустриалды-инновациялық даму қарқынын өсіру, шикізатқа тәуелділікті азайту жолында өңдеу өнеркәсібі салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру болмақшы. Осыған байланысты аталмыш бағдарлама аясында мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өнімдердің басымдыққа ие болуын қамтамасыз етуді көздеудеміз.

Республикалық индустрияландыру картасы аясында 2015 жылдың екінші жартыжылдығында «Конденсат» АҚ К5 экологиялық класты мотор майын өндіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Сапалы бензин өнімдері Қазақстанның батыс аймағының қажетін өтейді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ базасында «General Electric» компаниясының лицензиялық технологиялары негізінде газтурбиналық қондырғыларды жөндеу мен автоматтық және басқару жүйелеріне қызмет көрсету бойынша сервистік орталық құрылды.

Қазіргі уақытта бірқатар оралдық кәсіпорындар шетелдіктермен бірлескен өндірісті жолға қою жөнінде келісім жасады. Атап айтқанда, «Зенит» зауыты мәскеулік «Газпромавтоматика» АҚ-мен бірге газ тарату шкафтарын шығаруды, «ИТ «Сервис» ЖШҚ-мен бірге металлографикалық зерттеулер орталығын ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ кәсіпорын украиналық «Насосэнергомаш» Сумск зауыты» АҚ-ның мәскеулік филиалымен бірлесіп орталық мұнай стансаларының сорғыларын қалпына келтіруге арналған жинау цехын ашуды жоспарға енгізген. Зауыттың қорғаныс өнеркәсібі үшін де, азаматтық өндіріс үшін де өнім қатарын кеңейтуге мүмкіндіктері мол.

«Омега» прибор құрастыру зауыты» АҚ базасында электротехникалық жабдықтар өндірісі жоспарланған. Өзге де өндіріс орындарында болашақтың еншісіндегі көптеген жоспар-жобаларымыз бар.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмыстар жалғасады. Халықаралық сапа стандарттарын енгізу жайы да назардан тыс қалмақ емес.

- «Нұрлы жол» бағдарламасына байланысты берілген қаржы қандай мақсатқа жұмсалуда және қалай игерілуде?

- Иә, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауына сәйкес әлемдік экономикалық дағдарыстан туындаған қиындықтардың ықпалынан тұрғындарды қорғау мақсатында Ұлттық қордан қажетті қаржы қаралды. Жаңа экономикалық саясатқа сәйкес бұл қаржы негізінен экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда үлкен тиімділігі бар бағыттарға жұмсалуда. Соның ішінде, Елбасы атап өткеніндей, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға баса көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар Орал қаласында да қарқынды жүруде.

Ұлттық қор есебінен 2015 жылы Орал қаласына 4 663 348 мың теңге республикалық трансферттер және несиелер бөлінді. Соның ішінде құрылыс саласына 2 млрд. 420 млн. теңге қаражат қаралып, оның 1 млрд. 385 млн. теңгесі игерілді. Жалпы, Орал қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. 2012 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама бойынша 21 көп қабатты үй салынып, 2068 пәтер тапсырылған екен. Ал жыл басынан бері шаһарымызда мемлекеттік бағдарлама аясында 30 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Зашаған кентіндегі жаңа шағынауданда жалпы аумағы 51,3 мың шаршы метрді құрайтын 7 көп қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар «Бәйтерек» ұлттық холдингі арқылы 100 пәтерлік тағы 5 үйдің қадасы қағылмақшы таяу уақытта. Мұның өзі қаламызда қоныс тойын тойлап, шат-шадыман болатын шаңырақтардың саны еселеп артатынын аңғартады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғыртуға 2 млрд. 243 млн. теңге беріліп, 634,6 млн. теңге игерілді. Бұл бағытта 5 жоба жүзеге асуда. Соның төртеуі жылу желілеріне қатысты. Жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын магистральды жылу желілерімен қатар ұзындығы 10 шақырымдай кәріз коллекторының жаңа тармағы биыл салынып бітпек. Бұрын тозығы жеткен ескі кәріз құбырларының опырылып құлауы салдарынан облыс орталығын сумен қамтуда көптеген іркілістер орын алған еді. Енді ол қиындықтар артта қалады деп айтуға толық негіз бар.

- Алтай Сейдірұлы, соңғы сауал, Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау сынды мәселелерге үнемі назар аударып келеді. Бұл бағытта Оралда нендей жаңалық-өзгерістер бар?

- Кәсіпкерлік саласына келсек, 2015 жылдың 1 шілдесінде қаламызда тіркелген шағын бизнес нысандарының саны - 28398. Осылардың ішінде белсенді әрекет етушілері 25184, яғни 89 пайыз. 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім - 4,5 пайыз. Кәсіпкерлік саласында 41646 адам еңбек етсе, өндірілген өнім көлемі 35,1 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік бюджетке аударған салық түсімдері былтырмен салыстырғанда 11 пайызға артып, 10,2 млрд теңгеге жетті.

Кәсіпкерліктің қанат жаюына ең алдымен мемлекеттік қолдау оң әсер етуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша Орал қаласында 2013-2015 жылдары өңірлік үйлестіру кеңесінде 19,8 млрд теңгенің 155 жобасы мақұлданып, 1079 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал жыл басынан бері жалпы сомасы 1,2 млрд теңгенің 26 жобасы қолдау тапты.

Оралдық кәсіпкерлер сондай-ақ «Даму-Өндіріс-2» бағдарламасының да шарапатын сезінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өңдеу өнеркәсібімен айналысатын шағын бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиенің қолжетімді болуы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер сыйлады десек, артық болмас. Былтыр және биыл жыл басынан бері қала бойынша 4,7 млрд теңгенің 42 жобасы қаржыландырылды.

Бүгінгі таңда жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының импортты алмастыруын және дағдарысқа қарсы шараларды қамтамасыз ету мақсатында барлық үлкен супермаркеттер мен базарларда «Қазақстанда жасалған» шарасы кең көлемде өткізіліп, отандық тауар өндірушілерді көтермелеуге ұдайы назар аударылып келеді. Қалалық әкімдік өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сауда желілері арасында «Қаладағы үздік супермаркет» байқауын ұйымдастыруда. Аталған шараның негізгі мақсаты - супермаркеттер арқылы жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, тауарларды сауда желілері арқылы халыққа жеткізу. Сол арқылы сауда желілеріндегі сөрелерді жергілікті тауарлармен толықтыру. Байқау қорытындысы қыркүйек-қазан айларында шығатын болады.

Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік саласы қолдаудан кенде емес. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар болашақта өз жалғасын табатын болады. Шағын және орта бизнесті өркендетуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл жұмыстардың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудан туындайды. Бұл ретте, ең бастысы, іскер топ өкілдері бірінші кезекте бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мықтап мән беруі тиіс. Өнім және қызмет сапасын жақсартып, жаңа технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттырғанда ғана өнімнің өзіндік құнын төмендетуге болатынын кәсіпкерлердің бір сәт те естен шығармағаны абзал. Сонда ғана отандық өнімдер импортық тауарларды алмастыра алады.

Соңғы жаңалықтар