Жаңа экокодекс: Заңсыз ағаш кескендерге жаза қалай күшейтілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, заңсыз ағаш кескендерге жаза қалай күшейтілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия ішкі туризмге сұранысты арттырды. Бірақ бұл азаматтардың экомәдениетінің төмендігін де көрсеткенін атап өту керек. Қазақстанда табиғаты ерекше жер көп. Табиғи парктер, қорықтар дейсіз бе, туристер келгеннен кейін барлық жерде қоқыс жиналады. Әрине бұл табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Оған қоса, кейінгі кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері тіркелді», - деді министр бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шара қабылдаған.

«Соның нәтижесінде Қызыл кітапқа енген ағаштарды заңсыз кескен, жойған, зақымдағандарға 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш ектіру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш ектіру көзделеді. Бұл нормалар қағидаларда көзделмеген еді. Одан бөлек, орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Қызыл кітаптағы әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6 АЕК-тен 1000 АКЕ-ке дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар