Жаңа әліпбиге Ц,Ч, Щ дыбыстарын енгізу қажет пе? – маман пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасындағы әліпбиге қатысты тыңғылықты, тексерілген ұстаным керектігін айтқан еді. Мемлекет басшысы осы төңіректе қазақ тіліне реформаның қажет екенін еске салып, ғалымдардан салмақты пікір күтетінін атап өткен.

Содан бері қоғам арасында жаңа әліпбиге қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» ХАА Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-пракатикалық орталығы Әдістеме басқармасының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты, доцент Сәлима Кенжемұратованың пікірін оқырманға ұсынады.

«Қазір «Латын әліпбиіне не үшін көшеміз?» деген сұрақ қойсаң, басым көпшіліктің «Өзге елдермен тереземіз тең болу үшін, әрбір елдің мемлекеттік тілі болуымен қатар, өзінің төл әліпбиі болуы керек» деп жауап беретіні сөзсіз. Жақсы, латын әліпбиіне көшуге бел будық делік, ендеше өзіміздің дыбыстық ерекшелігімізге сай келетін әліпбиді қалай жасаймыз деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Дәл осы тұста «Қазақ тілінің дыбыстық табиғатына сай келмейтін кірме дыбыстар мәселесінің жағдайы не болады? Оларды болашақ әліпбиге енгізудің қаншалықты керегі бар?» деген сияқты көпшілікті мазалайтын сұрақтарға тоқталайық. Ол дыбыстардың бірқатары –«ц», «ч», «щ». Бұл таңбалармен берілетін сөздердің барлығы тілдік қорымызға кеңестік кезеңде орыс тілі сөздері арқылы енгені белгілі. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері кірме сөздердің бірқатары қазақ тіліне аударылды, бірқатары дыбыстық үндесімге бейімделді. Олай болса, осы таңбалармен келетін сөздерге неге балама таппасқа?!», - дейді ғалым.

Оның пайымынша, бұл дыбыстар жаңа әліпбиге енгізілсе, онда әліпбиге қатысты ешқандай да қазақшылық деген түсінік болмайды. Бұл ретте ғалым бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет - қазақ халқына тән емле ереже құру екенін еске салады.

«Бүгінге дейін ұсынылған жобалардың ішінде «ц», «ч», «щ» дыбыстарын әліпбиге енгізуді құп көріп отырғандардың да бар екенін білеміз. Олардың бірқатары ең оңай нұсқа ретінде дүниежүзіне ортақ дайын халықаралық фонетикалық алфавиттің таңбаларын алуды дұрыс деп таниды. Осыған жауап ретінде А. Байтұрсынұлының «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деп жазған болатын. Демек, әріптердің тіл дыбыстарын нақты таңбалауына, оқуға және жазуға жеңіл болуына, үйретуге оңай болуына басты назар аударуымыз қажет. Әліпби жасауда жоғарыда аталған дыбыстарды енгізудің қажеттілігі жоқ дейтін себебіміз, қазақ тілінде осы уақытқа дейін қолданылып жүрген «ц», «ч», «щ» дыбыстары көбінесе орыс тілінен енген кірме сөздерде ғана қолданылады. Ал тіліміздегі «ащы», «тұщы», «кеще» сөздері «ашшы», «тұшшы», «кешше» деп қосар шш дыбыстары арқылы айтылатыны белгілі. Кірме щетка, борщ, щи, плащ т.б сияқты санаулы сөздерге бола щ таңбасын қалдыру қажет емес. Осы сөзімізге дәлел ретінде ғалым Т.Жанұзақовтың басқаруымен 2008 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» Ц әрпінің астында «цемент», «цирк», «цент» т.б. 36 сөз, Ч әрпінің астында 10 сөз (чардаш,чарльстон, чек, чемпион, чемпионат, черкес, черемистер, чех, чуваш,чукша) ғана берілген. Осының ішінде чек, чемпион, чемпионат сөздері ғана қолданысымызда жүргені белгілі. Чек сөзін түбіртек, чемпион сөзін жеңімпаз деп айтып та жүрміз.Ал «щ» әрпі сөздікте мүлде жоқ. Бұдан шығатын қорытынды, болашақ үшін әлемдік кеңістікке енуді мақсат етіп, латынграфикалы әліпбиге өтуді жөн деп отырған біздер үшін кірме дыбыстарды қосақтаудың қандай қажеттілігі бар? Сонау советтік дәуірдің өзінде аталарымыз печь (пеш), ситец (сиса), ящик (жәшік), ботинка (бәтіңке) т.б. деп икемдеу арқылы тамаша атауларды ойлап таба білді және оған бола арнайы ереже де шығарған жоқ. Ал біз болсақ, қанша ғасыр өтсе де халықаралық сөздерді аударып, тіліміздің ішкі заңдылығына бағындырып, өзімізге икемдесек, жаңалықтан жалтарып далада қалатындай қорқамыз», - дейді Сәлима Кенжемұратова.

Сонымен қатар, ғалым жоғарыдағы әріптердің өзі орыс тілінен енген сөздерді, түпнұсқасында қалдыру үшін алынғанын атап өтеді. Мәселен, белгілі ғалым: Н.Уәлиұлы: «Әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларымызға оңай тимейді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттау миға салмақ түсіреді» – деген екен. Оның үстіне кирилше жазуға негізделген әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін кемелді етіп көрсете алмайтыны анық.

«Сондықтан тәуекелге бел байлап, тарихи сәтті пайдаланып, өзіміздің тілдік заңдылығымызға сай әліпби жасауымыз керек. Бүгінге дейін бекітілген әліпбиде «ц» мен «ч»- ны sh, сh диграфтарымен таңбалау арқылы не ұттық? Қайтадан щ, ч, ц дыбыстарына жеке таңба арнап диграфпен беріп, қиындық тудырудың еш қисыны жоқ. Қазіргі қоғам щ, ч, ц дыбыстарын диграфпен беруге түбегейлі қарсы. Өйткені осыған дейін бекітілген әліпбидегі Ashat (Асхат/ Ашат), ashana (асхана/ ашана), shema (схема/ шема) секілді сөздердің құрамында кездесетін sh дыбысы қоғамда дау тудырды. Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу тек таңбаларды ауыстыру емес, ең негізгісі – ұлтымыздың рухани жаңғыруды барынша тиімді жолдармен түзілген төл таңбамыз арқылы көрініс тапқанын сезінуі емес пе!? Біздің ойымызша, қазақтың «ш» -сы тұрғанда «ч» мен «щ»- ның төрге озар орны жоқ. Сондықтан төл дыбысымыз «ш» әрпі Şş (седиль) таңбасын иеленіп, «ч», «щ», кірме дыбыстары қолданыстан шығарылса құба-құп болар еді.Себебі ч, щ таңбасымен келген кірме сөздерді қиындықсыз ана тілімізге игеріп алуда «ш» әрпінің құдіреті жетеді. Ал ц таңбасы осыған дейінгі бекітілген әліпбиде болмағандықтан, халықтың көзі S таңбасымен оқып, жазуға дағдыланып та қалған. Бұл таңбалардың кірме сөздерді ана тілімізге икемдеудегі қызметі өте жоғары болары сөзсіз», - дейді Сәлима Кенжемұратова.


Соңғы жаңалықтар