Жаңа агенттік бәсекелестікті қалай дамытпақшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта құрылымдалып, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі болып құрылған монополияға қарсы орган салған жерден жұмысын белсенді бастап кетті. ҚазАқпарат саладағы соңғы өзгерістердің мәніне көз жүгіртіп көрді.

Тауар биржаларына талап күшеймек

Агенттік әсіресе мұнай-газ, көмір, электр энергиясының нарығындағы әбден шиеленіскен монополиялық қатынастарды реттеуге күш салып жатыр. Ведомство төрағасы Серік Жұманғарин бәсекелестіктің бойына қан жүгірту үшін тауар биржасын тәртіпке келтіру керек деген ұстанымды алға тартып отыр. Мұндағы құйтырқы тәсілдер елге аса қажетті өнімдердің бағасын қолдан қымбаттатуға жол ашуда. Сондықтан тауар биржаларына қойылатын талаптар қайта қаралмақ.

«Электронды сауда алаңын жолға қоймай тұрып бәсекелестікті дамыту, бағаны ашық түрде қалыптастыру мүмкін емес. Біздің биржада әділетті баға қалыптасатын жағдай жоқ. Сатып алушылар сатушы немесе ресурс иесі белгілеген бағаға бағынуға мәжбүр. Әрине, бұл қынжылтатын жайт», - дейді агенттік басшысы.

Ол, сондай-ақ, қолдан жасалған кедергілер тамыр-танысы жоқ бизнес өкілдерін нарықтан ығыстырып, шынайы бәсекені тұншықтыратынын айтады.

«Талайдан бері елдегі қарапайым бизнесмендер қандай да бір сауда алаңына ешқандай таныссыз шығып, телефон қоңырауынсыз өзіне керек өнімді қажет жерден кепілдікпен сатып ала алмай жүр. Бәскелестікті қорғау тек қана біздің агенттіктің міндеті болмауы керек. Біз оны ұлттық идеяға айналдырғымыз келеді», - дейді Серік Жұманғарин.

Қазіргі сауда жүйесінің өзі биржада талай саңылауға жол ашып отырғанымен, ондағы ережелердің өзін дұрыс сақтамайтындар бар екен. Елде нақты тіркелген 18 тауар биржасы бар болса, соның тек 12-сі ғана тұрақты жұмыс істеп отыр. Серік Жұманғарин сол 12 биржаның жұмысына да көңілі толмайтынын айтады.

«Қолымыздағы ақпарат бойынша, тауар биржаларында тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша айтарлықтай заңбұзушылықтар бар. Соның өзі оларды лицензиядан айыруға негіз бола алады. Бұған дейін осы мәселеге неге назар аударылмағаны түсініксіз. Бұл биржалар кезінде үлкен үмітпен ашылса да, қазір тұтқасы жоқ шабадан сияқты. Тастауға қимайсың, алып жүруге қолайсыз. Сондықтан қойылатын талаптарды қайта қарау керек», - дейді ол.

Тауар биржаларын талапқа сай ету Биржа комитетіне жүктелмек.

«Биржа комитетіне үлкен үміт артылып отыр. Біріншіден, комитет қазіргі фукнцияларын қайта құрылымдайды. Екіншіден, нормативтік-құқықтық базаны өзгертуге күш салады», - дейді Серік Жұманғарин.

Сетінеген сенімді қалай қайтарамыз?

Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі бойынша 2025 жылы одаққа мүше елдердің мұнай-газ, энегргетика саласындағы ұлттық биржалары ортақ нарыққа біріктірілуі керек. Агенттік қолға алып жатқан шаралардың бәрі сол кезеңге дайындық десе де болады.

«Ортақ нарық не бізді экспортқа шығарады, не бізге импортты кіргізеді. Ал ондай импорттың соңында салдары да болатыны түсінікті. Бұл тұрғыда біздегі алаңдардың ортақ нарықта жұмыс істеуге дайын болуы ел экономикасы үшін маңызды», - деді агенттік басшысы.

Тауар биржасына деген сенімнің азайғанын Қазақстан тауар биржалары қауымдастығының президенті Рамиз Аллахвердиев те мойындап отыр. Сол сенімді қайтару үшін тауар биржаларының жарғылық капиталын 700 мың АЕК-ке көтеру ұсынылуда.

«Биыл Ресей Федерациясында екі қазақстандық тауар биржасы арқылы ондаған миллиард рубльді сыртқа шығару дерегі бойынша іс қозғалды. Яғни, біздің биржалар арқылы Ресейден ірі көлемде ақша шығарылған. Бұл біздегі бақылауды күшейту қажет екенін дәлелдейді. Мұндай шулы даулар отандық биржаға деген сенімді одан бетер түсіреді. Биржа нарығындағы ойыншыларға қойылатын талаптарды күшейтіп, жарғылық капиталын 700 мың есептік көрсеткішке дейін көтеруіміз керек. Бұл капитал түрлі бағалаулардың қорытындысы бойынша емес, нақты ақша айналымымен есептелу қажет», - дейді сарапшы.

Көмір бағасы фючерлік тәсілмен реттеледі

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көмір бағасына қатысты туындайтын шиеленістерді де біржола жоюға бекініп отырған сыңайлы. Ол үшін нарыққа фючерлік келісім тәсілін енгізбекші. Жылыту маусымы келген сайын қала шетіндегі көмір сататын қоймаларда апталап кезек қалыптасып, оның соңы айғай-шуға ұласып жатады. Бұл құбылыс жыл сайын қоюланып барады.

«Бүгінгі күнге дейін бізде есі дұрыс фючерлік сауда қалыптасып үлгерген жоқ. Ал көмір нарығы маусымдық нарық екенін білесіз. Нарықтағы ойыншыларға жыл бойы қордаланған шығынды 2-3 айдың ішінде ақтап қалу керек. Бұл тығырықтан фючерлік келісімдердің көмегімен шығуға болады. Осы тәсілмен жұмыс істеген болсақ, көмір бағасына қатысты өткір мәселелер туындамас та еді. Қаңтар айында-ақ қазанда қандай баға болатынын, оны бюджет есебінен де қалай реттеуге болатынын алдын ала біліп отыратын едік», - дейді агенттік басшысы.

Биржадағы «бармақ басты, көз қысты» тәсілдер көлігін газға ауыстырған қарапайым тұрғындардың қалтасына сала бастаған. Жағдай осы бетімен кете берсе, сығымдалған газ нарығындағы жолсыздықтар бензин бағасын да қымбаттатуы мүмкін. Сондықтан ішкі нарықтағы сығымдалған газдың бәрі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды сауда алаңдары арқылы сатылу керек деген талап қойылып отыр. Энергетика министрлігінің тиісті бұйрығы да шығарылған. Алайда аталмыш ведомство бұл бұйрықты Еуразиялық экономикалық одақтың пәрменімен ғана шығарған тәрізді. Қазір осы процесті кезең-кезеңмен 2024 жылға дейін созуды ұсынып отыр. Ал «CNPC-Ақтөбе мұнай-газ зауыты» мұндай талапқа мүлде қарсы. Кәсіпорын өкілі Жанна Левжинская қоданыстағы заңнама нарықтағы ойыншыларға Энергетика министрлігінің бұйрығын елемеуге мүмкіндік береді деп отыр.

CNPC сын садағына ілінді

Серік Жұманғарин бұл қарсылықтың себебін мүдделер қайшылығымен байланыстырады.

«Сығымдалған газ бүгінде 3 сауда алаңы арқылы сатылады. Оның екеуі тауар биржасының жанынан ашылса, үшіншісі – CNPC-дің дербес алаңы. Осы алаңдағы соңғы сатылымдар 21-25 қыркүйек аралығында өтіпті. Ереже бойынша сауда сессиясы 5 күн жүреді және әр күн сайын негізгі көлемнің 20 пайызы шығарылып отырады. CNPC күн сайын бағаны тура 10 пайыз өсіріп отырған», - деген Серік Жұманғарин мұның соңы бағаның ырық бермей кетуіне әкелуі мүмкін деген болжам айтты.

«Нарықтағы 100 мың тонадай сығымдалған газдың 75 пайызы биржадан тыс сатылады. Оның ретті бағасын Энергетика министрлігі тоннасына 43 мың деп бекіткен көрінеді. Бір жолы CNPC-дің биржада ұсынған бағасы 80 мың теңгеден асып, сатып алушылар шағымданған екен. Биржадағы баға 55 мың болғанда неге шағымданбаған сонда? Бұл бастала салып тоқтатылатын процесс негізі. Сонда биржада 10 рет сауда өткізсе, газ бағасы 100 пайыз шарықтап шығады деген сөз. Қазір бензиннің бір литрі 150 теңгенің айналасында тұрса, ол газдың арзан болуына байланысты. Біз мұндай жүйемен жұмыс істей алмаймыз. Газ-желілік ұйымдар болмаса, басқалардың газды биржада да, биржадан тыс та сатып алуына мүмкіндік жоқ. Өйткені сығымдалған газды сақтайтын арнайы қойма болуы керек. Есі дұрыс мемлекеттте мұндай схема болмауы керек. Бағаны қалыптастырудың мұндай ашық емес схемасы етек жаймауы керек», - дейді Серік Жұманғарин.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде CNPC компаниясының дербес биржасына қатысты күдіктер туындапты дедік қой. Оның мәнісі мынадай.

«Соңғы рет Энергетика министрлігімен сөйлескен кезде департамент директоры электронды сауда алаңынан тыс жасалатын келісімдерді ол көрмейтінін айтты, оған ондай ақпарат ұсынылмайды екен. Ал электронды сауда алаңдарында мынадай механизм бар. Егер бір сауда бойынша келісім бірнеше рет жасалмай қалса, алаңнан алынып, биржадан тыс сатылады. Мүмкін осылай экспортқа кетіп жатқан шығар... Бізге оның экспортқа қандай бағамен кетіп жатқаны қызық. Экспортқа шыққанда баға электронды алаңдағыдан төмендеп кетпей ме? Бұл электронды сауда алаңынан жалтарудың заңдастырылған механизмі емес пе? Осы мәселені зерттеп бастадық. Қазір тиісті органдардан ақпарат сұратып жатырмыз. Егер электронды сауда алаңдарында сатылым ашық жүрмейтіні байқалса, тергеу бастаймыз. Тіпті ол нарықтағы барлық ойыншыларды қамтуы мүмкін. Бірақ тергеу жүргізбесек, біз саладағы осал тұстарды анықтай алмаймыз», - деді агенттік төрағасы.


Соңғы жаңалықтар