Жамбылдық полицейлер мүмкіндігі шектеулі шетелдікке көмектесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының полицейлері мүмкіндігі шектеулі шетелдікке көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласының тұрғыны Жамбыл облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына Ресей Федерациясының азаматтығындағы ұлына Қазақстанда тұруы үшін рұқсат ала алмай отырғандығын айтып, өтініш жасаған. Ресей Федерациясында жүріп ауыр жарақат алған жас жігітке қазір күнделікті күтім мен емдеу шаралары қажет десек, шетел азаматтығына байланысты ол қажетті медициналық қызметтерді тегін ала алмай отыр.

«Шетелдік жігіттің денсаулық жағдайын және Тараз қалалық сотының 2020 жылдың 7 ақпанындағы шешімімен оның әрекетке қабілетсіз деп танылғанын назарға ала отырып, ішкі істер органдары тиісті құжаттарды алу үшін Тараз қаласының әділет органдарына Ресей Федерациясының құзыретті органдарынан қажетті анықтамаларды талап ету туралы сұрау жіберді. Көші-қон қызметінің қызметкерлері Ресей Федерациясынан қажетті құжаттарды алып, барлық қажетті іс-шараларды жасағаннан кейін шетелдік жігітке Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берді»,-делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін полицейлердің өздері ер адамның тұрғылықты жеріне барып, қағаз формулярларды толтырып, тұруға ықтиярхат дайындауға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жолдапты.

Осылайша, Жамбыл облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Арман Тұрдалиевтің өзі жас жігіттің үйіне келіп, ата- анасына баласының Қазақстанда тұруына ықтиярхатын табыс етті.

Виталийдің анасы полиция қызметкерлеріне олардың мәселесіне немқұрайлы қарамағаны үшін ризашылығын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар