Жамбылдық полицей әйелді көлігімен қағып, мерт қылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысы Шу қаласында 25 жастағы полиция қызметкері көлігімен әйелді қағып, мерт қылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шу аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты қараңғы уақытта жаяу жүргіншілерге арналмаған жолдан өтпек болған аудан тұрғынын – 48 жастағы әйелді автокөлігімен қағып кеткен. Жаяу жүргіншінің сол уақытта жақын маңдағы кафеден шыққаны анықталды.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, барлық бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, сараптамалар кешені тағайындалды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 25 жастағы полицейдің ішімдік ішпегені және есірткі заттарын тұтынбағаны анықталды.


Соңғы жаңалықтар