Жамбылдық іскер әйелдер «Жақсылық акциясын» ұйымдастыруда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі бүгінгідей қиын уақытта аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерді қолдау бойынша «Жақсылық акциясын» ұйымдастыруда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған іскер әйелдер кеңесі облыстық мейрамханалар мен қонақ үйлер және «Шеберлер мекені» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциацияларымен бірігіп жамбылдықтарға барынша көмек көрсетуде. Айталық, еріктілер өздері медициналық маскалар тігіп, оларды көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен зейнеткерлерге таратса, мұқтаж ұйымдарға санитарлық-гигиеналық құралдарды тегін жеткізіліп берді. Ал, бүлдіршіндер үйіне азық-түлік, жууға қажетті құралдар және тіпті балаларға арналған памперстер де үлестірілді.

Ал кеше аталған акцияның ұйымдастырушылары өңірдегі ақ халаттыларға дәмді палау ұсынды.


- Осындай қиын уақытта біз барлығымыз болашақ үшін, жақындарымыздың денсаулығы үшін бір-бірлерімізге қол ұшын бере білейік. Әсіресе, дәрігерлерге қолдау білдіру аса маңызды. Оларға бүгінде бүкіл ел сенім артып отыр. Біз оларды мақтан тұтатынымызды, әрқашан да жандарынан табылып қолдайтынымызды көрсетуіміз керек, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Акчалова.

Ұйымдастырушылар алдымен «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығында болып, одан кейін облыстық жедел жәрдем медициналық станциясына барды.

Дәрігерлер белсенділерге ізгі ниеттері мен сый-сияпаттары үшін зор алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, жамбылдықтарды коронавирустық инфекциядан өзін және жақындарын қорғау үшін алдын алу шараларын барынша сақтануға шақырды.


- Біз сіздер үшін жұмыс істейміз, сіздер біз үшін үйде қалыңыздар. Барлық жерлестерімізден аса қажет болмаса үйден шықпаңыздар. Қолды жиі жуып және антисептикті тұрақты пайдалаңыныздар. Жағдай күрделі, дегенмен дәрігерлердің нұсқаулықтарын жіті орындасаңыздар, деңдеріңіз сау болады,- деді облыстық жедел жәрдем медициналық станциясының диспетчері Наталия Турдыматова.

Бұдан соң акция ұйымдастырушылары Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне барып, онда стационарда карантинде жатқан азаматтардың жағдайымен танысты. Мұнда дәрігерлер емделушілердің жағдайын жіті бақылауда.

- Сіздерге атқарып отырған еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, - дей келе А. Акчалова медицина қызметкерлеріне дәмді тағамдар ұсынды.

Осындай акциялар Қордай, Жуалы және Мойынқұм аудандарында да өтуде. Ондағы санитарлық-бақылау бекеттерінде ондаған медиктер мен полицейлер тәулік бойы қызмет атқаруда.


Соңғы жаңалықтар