Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккен ауыл мектептері қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жарылыстан кейін зардап шеккен Байзақ ауданының ауылдарында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байзақ, Базарбай, Жаңатұрмыс, Көкбастау ауылдарында орналасқан мектептер толығымен қалпына келтіріліп, бірінші қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдап, оқу штаттық режимде өткізілуде.

Жібек жолы ауылындағы №5 мектеп ғимараты 1958 жылы салынған. Мұнда 115 бала оқиды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін кей жерлердің төбесі опырылып, қабырғалары, терезе ойықтары бүлінген. Ғимарат апатты жағдайда тұр. Қазір 150 орындық жаңа ғимараттың құрылысына ЖСҚ дайындалуда. Жер телімі бөлінді.

№5 мектеп оқушылары қазір Жібек жолы ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жаңатұрмыс ауылындағы мектепте білім алуда. Балаларды тасылмалдау үшін мектеп автобустары бөлінген.

Қалған мектептер бүлінбеген және штаттық режимде жұмыс істеуді жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 адам қаза тапқан.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Сондай-ақ, ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді жүктеді.


Соңғы жаңалықтар