Жамбылдағы жарылыс: 56 адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында болған жарылыстан кейін 56 адамға шұғыл түрде психологиялық көмек қажет болды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі шұғыл жағдайда психологиялық көмек көрсету бөлімінің жетекшісі Динара Жақыбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің жұмысымыз жедел қызмет түріне жатады. Яғни төтенше жағдайға тап болған адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетеміз. Жиі болатын төтенше жағдайлар - өрт пен жол-көлік апаты. Елімізде жылына шамамен 700 адам түрлі төтенше жағдайдан зардап шегеді. Жағдай әртүрлі. Мысалы, Жамбыл облысында болған төтенше жағдайды білесіздер. Жарылыстың салдарынан адамдар зардап шекті. Ол жерде біздің мамандар жергілікті халыққа психологиялық тұрғыдан көмек көрсетті», - деді Динара Жақыбекова.

Оның айтуынша, жылына түрлі жағдайға тап болған 150-ден астам адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетіледі.

«Жамбыл облысында 2 психолог маман жұмыс істедік. Жарылыс болған елдімекенде үйлерді аралап, тұрғындармен психологиялық әңгіме өткіздік. Сондай-ақ, ауруханаға түскен адамдар мен әскери бөлім қызметкерлеріне де психологиялық көмек ұсындық. Екі күннің ішінде 56 адамға шұғыл жағдайда психологиялық көмек қажет болды», - дейді ол.

Еске сала кетсек, биыл 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды.


Соңғы жаңалықтар