Жамбылда «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері марапатталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері белгілі болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында азаматтар белсенділігін үздік тәжірибесін көпке үлгі етуге негізделген шара 5 аталым бойынша ең лайықты кандидаттарға табысталды.

Атап айтқанда туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» аталымы «Арайстроймаркет 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаевқа табыс етілді.

Өңірдегі ең ірі құрылыс компаниясына жетекшілік ететін Арман Захарыпұлы 2015 жылдан бері қарттар үйі мен балалар үйіне қаржылай көмек көрсетіп келеді. Ағымдағы жылы қайта жаңғыртудан өткен «Жастар аллеясының» құрылыс жұмыстарына 224 миллион теңге бөлді. Ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға 12 миллион теңгеге 2 бөлмелі пәтер алып берген жомарт жан.

Ал «Туған өлке» аталымы қордайлық кәсіпкер, «СССР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәрсебек Салыбаевқа табысталды. Кәсіпкер соңғы 3 жыл ішінде аз қамтылған отбасыларға 41,9 миллион теңгеге 8 тұрғын үй салып берді. Сондай-ақ 17 қордайлықтың баспаналы болуына қаржылай көмек көрсетіп, 10 тұрғынға қажетті құрылыс материалдарын алып берді. «Жыл тұлғасы» аталымы параолимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаға берілді. Ол өзінің спорттық мансабында 12 рет әлем рекордын жаңғыртқан даңқты спортшы. Бұл жолы «Жылдың үздік ұйымы» аталымы құрылғанына 20 жыл уақыт болған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырды. Өз өнімін әлемнің 27 еліне экспорттайтын серіктестік соңғы жылдары қайырымдылыққа 46 миллион теңге жұмсаған.

Әлеуметтік маңызы бар үздік жобаларды жүзеге асырғандарға ғана табыс етілетін «Ерен еріктілік» атағы Құмшағал, Шөлдала тұрғындарына көмек қолын созып жүрген «ӨРКЕН-НИЕТ» қайырымдылық қорының төрағасы Сағдат Айнабековқа бұйырды.

Соңғы жаңалықтар